БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, өңірде қарғын судан 552 тұрғын үй мен 427 саяжай зардап шеккен. Су басқан жерлерден жеті мыңға жуық тұрғын көшірілді
Ақорданың жазуынша, облысқа барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққан соң аудан орталығындағы эвакуация орталығына барып, халықпен кездескен.
«Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады» деген Тоқаев.
Ақорданың ақпаратынша, жергілікті тұрғындар кездесуде Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұраған.
Ақорда тасқыннан зардап шеккендерге біржолғы көмек көрсетуге жергілікті бюджеттен 63 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.
Бұған дейін Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен адамдарға бизнес өкілдері жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенетінін айтқан.