Астана. 4 тамыз. BM.KZ – Мемлекет басшысы ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
– Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Талғат Мұсабаев 1951 жылғы 7 қаңтарда дүниеге келген. Ол алғаш рет ғарышқа 1994 жылғы 1 шілдеден 4 қарашаға дейін «Союз ТМ-19» ғарыш кемесінің және «Мир» орбиталық кешенінің борт инженері ретінде ЭО-16 бағдарламасымен ұшты. Сол сапарында ол екі рет ашық ғарышқа шықты. Екінші ғарыш сапарын 1998 жылғы 29 қаңтардан 25 тамызға дейін «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің және «Мир» орбиталық кешенінің командирі ретінде ЭО-25 бағдарламасы аясында жүзеге асырды. Бұл сапар барысында ол бес рет ашық ғарышқа шықты. Үшінші ғарыш сапарын 2001 жылғы 28 сәуірден 6 мамырға дейін «Союз ТМ-32» кемесінің командирі ретінде және Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) алғашқы ресейлік қысқа мерзімді экспедиция құрамында орындады.
