Астана. 5 тамыз. /Әсел Мәлік/ BM.KZ – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысу үшін Түрікменстанға барды, деп хабарлайды Ақорда.
Түрікменбашы әуежайында президентті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Қос тарап аз-кем әңгімелесіп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының даму қарқынын талқылады.
«Құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич, Сізбен қасиетті түрікмен жерінде, бауырлас Түрікменстанда қайта жүздескеніме қуаныштымын. Шақыруыңызды шын ниетпен қабыл алдым. БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен осындай форум өткізу – үлкен жетістік. Бұл 30 жылдан бері бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Түрікменстанның халықаралық абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді. Қазақстан аталған саясатты толығымен қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ-түрікмен қатынастарының ерекше сипатына жоғары баға берді. Тараптар екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы одан әрі «Аваза» конгресс-орталығына барып, Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ конференциясының делегация басшыларын ресми қарсы алу рәсіміне қатысты. Президентті форум алаңында да Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.
Конференцияның ашылу салтанаты алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Басқосу барысында өңір елдері арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды.
