Астана. 6 тамыз. /Әсел Мәдәліқызы/ BM.KZ – Қазақстанда әскерге шақырылушыларды сұрыптаудың жаңа тәсілі – PSY-тәуекел жүйесі іске қосылды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл бастама жас сарбаздардың психологиялық жағдайын алдын ала бағалауға және армиядағы келеңсіз оқиғалардың алдын алуға бағытталған.
2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру кезінде жүйе алғаш рет қолданылып, 470-тен астам жас психоэмоционалдық тұрақсыздық белгілері бойынша қызметке жіберілмеді.
PSY-тәуекел бірнеше кезеңнен тұрады: бастапқы скрининг, терең психологиялық тексеріс және қажет болған жағдайда медициналық қорытынды алу қарастырылады. Негізгі мақсат – Қарулы күштерге психологиялық тұрғыдан дайын емес жастарды іріктеу процесінен шығару. Жүйені Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Үкімет тапсырмасына сәйкес, бұл шара барлық өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басқарма бастығы Арман Қалышевтың айтуынша, бұл бастама жауынгерлік ұжымдарды қауіпсіз әрі тұрақты ортада ұстауға көмектеседі.
Біз психологиялық тұрақсыздарды електен өткізіп қана қоймай, болашақ әскери бөлімдердің ұжымдарын ықтимал қауіпті жағдайлардан қорғауға тырысамыз. Бұл бөлімшелердегі денсаулық, өмір және моральдық ахуал қатысты, – деді подполковник Арман Қалышев.
Жүйе әскердегі төтенше жағдайлардың алдын алуға және жас сарбаздардың психикалық саулығын сақтауға арналған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Айта кетейік, былтыр Шығыс Қазақстан облысында қызмет атқарып жүрген 18 жастағы жігіт өз-өзіне қол жұмсаған еді. Ал оған психологиялық және физикалық қысым көрсетті деген айыппен бөлімшенің кіші сержанты сотталды.
Сонымен қатар 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 7 сарбаз өзіне қол салған.
