Ұлттық қауіпсіздік комитеті қару-жарақ пен оқ-дәрінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл нәтижесін бөлісті, деп хабарлайды Баймедиа.кз inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Биылғы шілде-тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратураның үйлестіруімен Астана және Щучье қалаларында атыс қаруы мен оқ-дәрінің заңсыз айналымына қатысы бар бір топ адамның заңға қайшы әрекетінің жолын кесті. Астанада жүргізілген тінту барысында қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрланған 2 «Калашников» автоматы мен 43 оқ-дәрі, Щучинскіде — 7 атыс қаруы, 4 тапанша және 1500-ден астам түрлі калибрлі оқ-дәрі алынды.
Сот-баллистикалық сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Жалпы жылдың басынан ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп қарудың заңсыз айналымының 13 арнасын, сондай-ақ оны жасырын жасайтын 2 цехты жойды.
41 автомат, 203 мылтық, 121 тапанша, 57 қол гранатасы, 1 гранататқыш, 44 жарылғыш құрылғы және әртүрлі калибрдегі 11 138 патрон тәркіленді.
Қарудың заңсыз айналымымен күрес шаралары жалғасуда.