Астана. 23 қаңтар. BM.KZ – Қарағанды қаласында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің дене жарақатын алуына байланысты жанжалға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Kazinform.
Оқиға 21 қаңтар күні облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі ер адам арасында әуелі ауызша жанжал туындап, ол кейін төбелеске ұласқан. Салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары «Соққыға жығу» бабы бойынша қылмыстық істі тіркеді.
Аталған баптың санкциясы айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Материал жарияланған уақытқа дейін Серік Сәпиевтен, сондай-ақ оның орынбасары Даурен Есімхановтан түсініктеме алу мүмкін болмады. Оқиғаға қатысты ресми ұстаным қандай болатыны әзірге белгісіз.
Қарағанды облысы полиция департаменті қылмыстық істің қозғалғанын растады.
— Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде соққыға жығу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт нысандарының бірінде екі ер адам арасында жанжал болғаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қарағанды облысы денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша тергеу аясында мәлімдеме жасамайтындарын жеткізді.
— Басшы да, оның орынбасары да жұмыс орнында қызметтерін атқарып отыр. Олардың ауруханада жатқаны туралы ақпарат жалған, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
