Қоғамда микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтарға жүгінетіндер аз емес.
Мемлекет басшысы Қазақстан Халқына кезекті Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Себебі Қаржы министрі елімізде экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбеген несие берешегі барын мәлімдеген еді. Осыған орай «Аманат» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өтінім білдіргендер тегін курстардан өтіп, жеке қаражатын басқаруды үйренетін болады. Дейтұрғанмен Алматы қаласында берешегі бар тұлғалардың өз еркімен тегін курсқа қатысатындары аз, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бюджетті басқарудың тиімділігі мен еліміздегі салық саясаты туралы қаржыгер, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қаржы және есеп» кафедрасының аға-оқытушысы Гүльназым Исламқызынан сұрап көрдік.
– Алматы қаласында микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтарға жүгінетіндер көп. Айналып келгенде бұл қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Жалпы қаржылық сауаттылықтың негізгі аспекттері қандай және қаржылық тәуелсіздікке апаратын жеке қаржыны қалай басқарған жөн?
– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Соңғы жылдары Алматы қаламыздың тұрғындарының арасында микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтардың қызметін пайдаланушылар саны көбейіп отыр. Себебі коммерциялық банктерден алған несиелерін қайтармағандықтан, «қара тізімге» ілініп, яғни несиелік тарихының дұрыс болмау салдарынан микрокредиттік ұйымдар мен ломбардтардың қызметін пайдалануға мәжбүр. Бұл, әрине, өз кезегінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесін көтеріп отыр. Қаржылық сауаттылық әрбір жеке тұлғаның өз қаражатын басқарып үйренуін қажет етеді. Қаржылық тәуелсіздікке апаратын жеке қаржыны ұстау, жеке табыстарды қалыптастыру, отбасылық бюджетті басқару әдістерін Алматы қаласының тұрғындарының білуі өте маңызды. Сондай-ақ қаржылық алаяқтықтың түрлері мен одан қорғану әдістеріне аса мән беру қажет. Өткен жылдың сәуірінде үкімет жол картасын бекітіп, халықты кредиттік алаяқтықтан қорғау үшін кейбір өзгерістер енгізді.
Адамға ақша керек болса, тығырықтан шығатын жалғыз ғана жол – банктен қарыз алу деп ойлайды. Бірақ ол олай емес. Мысалы, тұлға жалақысы аз болса да, айлығы көбірек жұмыс іздемейді, оған сай білімін көтермейді. Не тіпті қосымша табыс көзін қарастырмайды. Алматылықтар тығырықтан құтқарушы тек банк немесе микрокредиттік ұйымдар, ломбардтар деп ойлайды. Осылайша қарызға батады. Қаламыздың тұрғындары қарызды уақытылы төлей ала ма, жоқ па, оған бас қатырмайды.
– Қысылтаяң кезде микрокредит аламын деп шешсе, алматылықтар нені білу керек?
– Өте орынды сұрақ. Егер қаламыздың тұрғындары микрокредит алатын болса, міндетті түрде бірнеше маңызды тармаққа көңіл аудару керек. Мысалы, микрокредиттік ұйымдарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 56%-дан аспауға тиіс. Мөлшерлемеге сай оның өзіндік несие талаптары жағдайында жоғары болатынын ескерген жөн.
1. Микрокредит сомасы 50 АЕК-тен аспайды, қарыз 45 күннен аз мерзімге алынса, айыппұл мөлшері күніне қарыз сомасының 0,5%-нан аспайды, шарт талаптары соманы немесе оның қолданылу мерзімін ұлғайтуға тыйым салады. Мұндай жағдайларда алматылықтар сыйақының қорытынды мөлшері, яғни артық төлем қарыз сомасының 30%-нан аспау керегін білуі тиіс.
2. МҚҰ-да комиссияларға тыйым салынған, сондықтан бұл шартта болмау керігін Алматы тұрғындары ескеруі тиіс. Ал олардың борышқа қызмет көрсеткені үшін белгілі бір соманы төлеу туралы талабы «Микроқаржылық қызмет туралы» Заңды тікелей бұзуға жатады.
3. Микроқарыз қарыз алушының ресми кірісі болған жағдайда немесе құны кредиттің бүкіл көлемін жаба алатындай мүлкінің бар екені расталған жағдайда берілуге тиіс.
4. Қарыз бойынша төлемдер айлық жалақының жартысынан көп болмауға тиіс – бұл шекті рұқсат етілген борыштық жүктеме. Бұл шектен асып кеткен жағдайда адамның төлем мерзімін өткізіп алу, тіпті ақшасыз қалу қаупін туғызады.
– Бюджетті басқарудың тиімділігін арттыру жолдарын айтып бере аласыз ба? Алматылықтар бюджеттік басқарудан нәтижелерді басқаруға қалай көшкені жөн?
– Бюджеттік және салықтық жүйелер – экономиканың дамуына негізделген мемлекеттің қаржылық негізі. Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және «бюджеттік тәуелділікті» қысқарту мақсатында бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға сапалы көшу жөнінде шаралар қабылдау қажет. Ол үшін стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ету керек. Жаңа Бюджет кодексі шеңберіндегі негізгі міндеттердің бірі – нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру. Осы орайда нәтижені белгілейтін және оған бюджетті байланыстыратын құжаттарды айқындау, бюджеттік ақпараттың ашықтығын және бюджеттік құжаттаманы жариялау арқылы іске асырылатын халық алдындағы есептілікті қамтамасыз ету қажет.
– Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында салық саясаты қайта қаралатыны айтылды. Алматылықтар үшін тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландырудың жолы бар ма?
– Түсінікті болу үшін алдымен салық жеңілдігі туралы қысқаша айтып өтейін. Бұл – салық төлеушілердің кейбір санаттарына басқаға қарағанда салықты аз мөлшерде төлеу мүмкіндігінің берілуі. Салық жеңілдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес берілетінін алматылықтар білуі тиіс. Мемлекет мұны ғылыми-техникалық прогресті ынталандыру, өндірістің келешегі зор салаларының дамуын жеделдету, экологиялық талаптарды сақтау қажеттігіне байланысты кәсіпорынға түсетін қаржы ауыртпалығын жеңілдету, қоғамның ауқаты төмен таптарын әлеуметтік қорғау сияқты белгілі бір демографиялық саясатты жүргізу мақсаттарына да пайдаланады. Алайда бұл үкіметке тиімді жүйе деуге келмейді. Сесебі мұның салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. «Салық кодексінің ең проблемалы бөлігі – салықтық әкімшілендіру мәселесі. «Тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландыру және оларды беру жөніндегі мониторинг сапасын арттыру мақсатында салық жеңілдіктерін 20%-ға қысқарту мәселесі Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында өткір айтылған. Салықтық жеңілдіктерді алып тастауға қатысты бизнестің жекелеген жоғары табысты түрлері үшін, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдар салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне одан әрі талдау жүргізбеген немесе мұндай талдау кейінгі 5 жылда берілген жеңілдіктердің және басқа да тәсілдердің тиімсіздігін көрсеткен салықтық жеңілдіктерді алып тастау ұсынылды.
Қазіргі кезде 400-ге жуық түрлі салық жеңілдігі бар. Бірақ оның жартысынан көбі әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға берілген. 2021-2023 жылдар аралығында жалпы жеңілдік көлемі 9 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін қысқарған.
Тиімсіз салық жеңілдіктерін оңтайландырудың жолы – салықтық жеңілдіктер бизнестің әлеуетін ашу үшін берілуі керек. Олар өндірісті ынталандыруға бағытталуы тиіс. Нақты өнім өндіретін салаларға салықтық жеңілдіктердің болуы қажет. Мұны түсіну үшін алматылықтар әрдайым қаржылық сауаттылықтарын арттыруы керек. Қалай десек те, салық саясаты бүкіл қатысушылар үшін әділ шарттармен сипатталуы керек.
– Бүгінде үкімет венчурлік қаржыландыруға көңіл бөліп отыр. Венчурлық капиталдың перспективалары қандай?
– Кәсіпкерлікті қаржыландырудың, қаржы салудың бірнеше жолдары бар. Әлем елдерінде қарқынды дамыған түрі – венчурлық қаржыландыру. Ол – қайта ашылатын шағын жоғары технологиялық перспективасы бар компанияларға ғылыми өнімдерді жасауға, өндіру, дамыту, пайда табу мақсатында салынатын тәуекелі жоғары ұзақмерзімді жеке қаржы инвестициясы. Венчурлық қаржыландыру стартап-жобаларды әлеуметтік, қаржылай қолдауға мүмкіндік береді. Алматылықтар мұны ескеруге тиіс. Дамыған шетелдік мемлекеттерде кең тараған венчурлық қаржыландыру біздің елімізге де енді. Мемлекеттің бастамасымен 2004 жылы алғашқы венчурлық қорлар пайда болды. Бүгінде үкімет венчурлік қаржыландыруға көңіл бөліп отыр.
Жоғары білім беру орындарының жанынан технопарктер, инновациялық технологиялық орталықтар, бизнес инкубаторлар, шағын инновациялық кәсіпорындар, маркетингтік зерттеу қызметтері жүргізу, мамандардың кәсіпкерлікке даярлығы, инновациялық жобаларды дамытуға көп көңіл бөлінуде. Осы орайда венчурлық капиталдың болашағын дамыту үшін экономиканы көтеруге әсер ететін механизм ретінде инновациялық жобалар санын көбейту, индустрияға отандық капиталдың санын арттыру, венчурлық инвесторларды тартудың белсенділігінің көтеру, венчурлық қаржыландыру туралы білім сапасын жақсарту бойынша стратегиялық жоспар құрып, жұмыстар жүргізуіміз қажет деп ойлаймын.
– Соңғы уақытта Алматы тұрғындары активтерді көбейтуге көңіл бөліп жүр. Осы активтерді басқарудың тиімділігін айтып берсеңіз.
– Менің ойымша, Қазақстанда активтерді тиімді басқару жүйесі – сауатты менеджменттің көрінісі. Алматылықтар активтерді басқару уақыт бойынша инвестициялық портфельдерді бақылауды, бағасы өсу әлеуеті бар инвестицияларды сатып алуды, сақтауды және оны сатуды қамтиды. Активтердің барлық түрлерін басқару және олардың тиімділігін арттыру, өтімділікті қамтамасыз ететін компаниялар үшін өте маңызды. Активтердің әртүрлі сыныптамаларға жіктеу арқылы әртараптандыру, соның ішінде облигациялар, жылжымайтын мүлік, өзара қорлар, меншікті капитал, тауарлар, қолма-қол ақша, нарықтық бағалы қағаздар және т.б. басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Қаржыгер ретінде айтыңызшы, ақшаны қай валютада сақтаған тиімді?
– Осы сауал жиі қойылады. Жалпы, экономикадағы диверсификациялау немесе әртараптандыру арқылы жинаған дұрыс деп есептеймін. «Жұмыртқаның бәрін бір себетке салма» деген қағидаға сәйкес, ақшаны әртүрлі валютада бір бөлігін төл теңгеде жинақтаса, бір бөлігін шетел валютасында жинақтаған тиімді. Себебі өздеріңіз білесіздер, ақша экономикамызда 5 бірдей қызметте жүреді, ол қорлану және қор жинау қызметі, яғни ақшаның барлығы дерлік жұмсалып кетпей, бір бөлігін жинақтап отыру, бұл да қаржылық сауаттылық аспектілерінің бірі деп есептеймін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!