Түркістан облысының Шардара ауылында шаруалар қашыртқы сулардан зиян шегіп отыр. Алатау ауылдық округінде жылдар бойы жерасты сулары жиналатын каналдар қазылмай, ретке келмеуі салдарынан диқандардың егістіктері құрғап қалды. Өйткені мақталықтар мен көкөністерге ағын су жіберсе, жерасты сулары көтеріліп, сорланып кетеді.
Алатау батыр ауылында тұратын шаруа Мақсат Яхияев биыл 8 гектар жерге мақта, 4 гектар жерге жоңышқа еккен. Алайда жерасты сулары көтеріліп, мақтасын суара алмады. Енді мақтасының шығынын кімнен өтеп аларын білмей дал.
«Бір гектар жерге үш жүз мың теңгедей ақша шығарып отырмыз. Енді мына жердегі мақтадан ондай өнім аламыз деп ойламаймыз» дейді шаруаның бірі Мақсат Яхияев.
Қашыртқы судан зардап шеккен шаруалардың қатары күннен-күнге көбейіп барады. Себебі оларды қазып, реттеу жұмыстары жылдан-жылға созылып келеді. Өзекті проблеманы ауданның суға жауапты мамандары жақсы біледі. Бірақ оны жөндеу жұмысы ауқымды жоба аясында атқарылады деп отыр.
Ермек Смайылұлы, «Қазсушар» РМК Шардара өндірістік филиалы басшысының орынбасары:
Қашыртқылар ПУИД бағдарламасы арқылы жасалу қажет. Ағымдағы жылы вегетациялық су беру науқанына сәйкес су берген уақыттан кейін ол кісілер ары қарай жұмыстарын жалғастыратын болады.
2016 жылы басталған ирригациялық дренаж жүйелерін жетілдіру жобасы карантин кезінде тоқтап, материалы қымбаттап, тоқтап қалған. Дегенмен аяқсыз қалған жұмыс келер жылы аяқталуы мүмкін.