Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды
Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді.
– Біз өз елімізде Әзербайжан мәдениетінің майталмандарын асыға күтеміз. Бұл іс-шараның табысты өтетініне ешқандай күмән жоқ. Өйткені Әзербайжан мәдениетіне деген қызығушылық қашанда жоғары. Турасын айтқанда, Сіздің елдің мәдениетіне Қазақстан халқының ықыласы ерекше. Біз әзербайжан өнер қайраткерлерін құшақ жая қарсы аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.
– БҰҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, СПЕКА және ТМД сияқты аса маңызды халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымызды айрықша атап өткім келеді. Меніңше, бұл қарым-қатынастың ауқымы кең және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді. Стратегиялық серіктестік тұрғысынан келгенде, мұның да мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.