Астана. 26 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшылары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі байланыстардың жай-күйі мен болашағы талқыланды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин сауда-экономикалық, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп және көлік салалары бойынша бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қарастырды. Мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанына мән берілді, – делінген хабарламада.
Сұхбатта Қазақстан Президентінің алдағы Ресейге жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық барысына ерекше мән берілді.
Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
