Соңғы жылдары еліміздегі суды тұтыну мәселесі өзекті бола түскен. Экономикалық зерттеулер институты Қазақстан суды тұтыну деңгейі бойынша әлемде көш бастап тұрғанын мәлім етті.
Әлемдегі тұщы судың небәрі 0,5%-і адамның пайдалануына жарамды. Жыл сайын бүкіл әлемде біз шамамен 4 триллион м3 тұщы суды пайдаланамыз. 2022 жылдың басынан бері адамзат 2002 триллион текше метрден астам тұщы суды тұтынды. Адамның тұтынуынан басқа, тұщы суды алудың 70%-і ауылшаруашылық, 20%-і өнеркәсіптік, ал қалған 10%-і тұрмыстық мақсаттар үшін пайдаланылуда. 2050 жылға қарай суға деген сұраныс 20%-тен 30%-ке дейін артады деп күтілуде.
− «Судың да сұрауы бар». Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді.
Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін, − деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шынымен де, суды көп тұтыну мәселесі бүкіл әлемге де, сондай-ақ Қазақстан үшін де өзекті болып отыр. Аквастат (ФАО Су және ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық ақпараттық жүйесі) деректері бойынша 2020 жылы жан басына шаққандағы су алу көлемі бойынша Қазақстан суды ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кірді (1308,2 м3). Қазақстанмен қатар ТМД-ның көптеген елдері де ондыққа кірді, – дейді аға сарапшы Дана Омарова.