Астана. 16 ақпан. BM.KZ — Қазақстан жекпе-жек спортының негізін қалаған азамат Сабыржан Махметов дүниеден озды. Бұл жөнінде белгілі жазушы Бейбіт Сапаралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Танымал бапкер әрі спортшы 67 жасында өмірден өтті. Қазақстандық жанкүйерлер оны кикбоксингтің аңызы, жекпе-жек спортындағы білікті де тәжірибелі маман ретінде жақсы біледі. Ол елімізде осы спорт түрінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар Қазақстандағы жекпе-жек федерациясының негізін қалап, ұйымды басқара жүріп көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асырды.
Сабыржан Махметов – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол КСРО әуе десант әскерінің (ВДВ) үш дүркін абсолюттік чемпионы, ережесіз жекпе-жектен бірнеше мәрте әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ КСРО мен Қазақстанда кикбоксинг пен ушу-саньда спорттарының қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді. Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті қызметін атқарған.
