Қазақстандықтар жыл сайын 5 млн тонна тұрмыстық қалдық тастайды. Бұл туралы Астана қаласында өткен «Таза Астана: пластикалық пакеттер және оны қолданудың жаңа түрлері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Қазақстанның BAYTAQ жасылдар партиясы Астана қалалық филиалы мен қала әкімдігі ұйымдастырған шараға елордадағы сауда орталықтарының өкілдері қатысты.
Партияның қалалық филиалы төрағасы Шыңғыс Лепсібаевтың сөзінше қазақстандықтар жыл сайын 5 млн тонна тұрмыстық қалдық тастайды. Өкінішке орай оның тек 15-20 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Мамандардың сөзінше оларды қайта өңдеумен Қазақстанның тек 3 қаласында ғана айналысады. Олар: Астана, Шымкент және Жаңаөзен қалалары.
Астана қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова елорда тұрғындарын қоқысты сұрыптап тастауға шақырды, өйткені тек осылай ғана қайта өңдеу көлемін ұлғайта аламыз.
Жиналғандардың сөзінше қоршаған ортадағы пластикалық қалдықтарды азайту мақсатында еліміздегі ірі сауда орталықтарында пакеттерді ақылы түрде сату қолға алынды. Алдағы уақытта енді целлофан пакеттерін сатуды мүлдем тоқтату мәселесі де қаралатыны айтылды.
Самат Сапаралы, журналист