Астана. 16 қыркүйек. BM.KZ — Елімізде жалпы білім беру саласында мәселе жеткілікті. Өткен оқу жылында елде 6,9 мың мектеп жұмыс істеген. Олардың басым бөлігі – 4,6 мыңы екі ауысымда оқытты. Сонымен қатар, 95 мектепте балалар үш ауысымда білім алды, ал бір ауысымда жұмыс істейтін мектептер саны небәрі 2,2 мыңды құрады.
Energyprom.kz жазуынша, Қазақстанда балабақшалар саны артқан. 2023/2024 оқу жылында 8,3 мың болса, 2024/2025 оқу жылында 8,7 мыңға жеткен. Дегенмен, балабақшаға орын кезегі әлі ушығып тұр.
Мәселен, 2024/2025 оқу жылында 214 мыңнан астам бүлдіршін кезегін күтіп отыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,9%-ға аз. Салыстыру үшін айталық, 2020/2021 оқу жылында кезекте 364 мыңнан астам бала болса, 2021/2022 жылы 283,6 мың, 2022/2023 жылы 291,3 мың, ал 2023/2024 оқу жылында 258,3 мың бала кезекте тұрған.
Аймақтар бойынша ең көп кезек Алматыда (40,7 мың бала), Астанада (24,6 мың) және Қызылорда облысында (17,4 мың). Бұл өңірлерде кезек саны азайғанымен, басқа аймақтарда жағдай керісінше. Мысалы, Шымкентте кезек 2,1 есе өсіп, 7,9 мың балаға жетті (алдыңғы жылы – 3,8 мың). Батыс Қазақстан облысында өсім 31,8% құрап, 8,7 мың бала болды, Ақтөбе облысында – 31,5%, 10,3 мыңға дейін, Маңғыстау облысында – 16,1%, 13,5 мыңға дейін, Жамбыл облысында – 10,8%, 7,2 мыңға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында – 9,5%, 4 мың балаға дейін артты.
