Астана. 26 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалау бойынша алғашқы пилоттық жоба жүзеге асырылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Шымкенттегі екі өндірушінің базасында қоспаларды таңбалау және қадағалау жүйесінің толық циклі сынақтан өтті.
Эксперимент барысында қатысушыларға тауарларды тіркеуден бастап, бақылау-кассалық машиналар арқылы өнімді айналымнан шығаруға дейінгі барлық негізгі процестер таныстырылды.
Отандық өндірушілердің бірінің атқарушы директоры Мақсат Жұматаевтың айтуынша, міндетті таңбалау жүйесі саланың өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі. Соның ішінде заңсыз экспортты болдырмауға мүмкіндік береді.
«Биологиялық белсенді қоспалар денсаулыққа тікелей әсер етеді, олардың фармакологиялық ықпалы дәрі-дәрмекке ұқсас. Таңбалау арқылы өнімнің қайда және қашан шығарылғанын білуге болады. Бұл тұтынушылардың сенімін арттырып, өндірушілерге де жеңілдік береді», – деді ол.
Екінші өндірістік алаңда да жүйе толық сыналды: 500-ден астам өнім қаптамасы автоматтандырылған жүйе арқылы бірегей Data Matrix кодымен таңбаланды.

Эксперимент қорытындысы бойынша Қазақстанда тауар өткізуге эксклюзивті құқығы жоқ тұлғалар үшін таңбалау кодтарын беруді шектеу, қадағалау құжаттарын тауар бағасын көрсетпей рәсімдеу мүмкіндігін қарастыру, міндетті таңбалау енгізілгенде әдеттегі штрих-кодтарды алып тастау туралы мәселені зерттеу секілді бірқатар ұсыныстар жасалды.
Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйе өнімнің өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етіп, нарықтағы қауіпсіздік пен сапаны арттыруға бағытталған. Тұтынушылар өнім туралы ақпаратты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы ала алады, бұл жалған тауар сатып алу қаупін азайтады.
Пилоттық жобаның жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы мен интегратор компаниялардың мамандары қатысты.
