«Қазгидромет» РМК 15 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады. Мәліметке сәйкес, еліміздің бірнеше облысында қатты ыстық пен ауа райының қолайсыз құбылыстары күтіледі. Осыған байланысты дауылды ескерту жарияланып отыр.
Аптап ыстық:
Түркістан облысында күндізгі температура +46°C дейін көтеріледі.
Қызылорда облысында +45°C дейін, Атырау және Маңғыстау облыстарында +44°C дейін ысиды.
Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Жетісу және басқа да аймақтарда сынап бағаны +42°C жоғарылайды.
Өрт қаупі жоғары:
Құрғақ ауа мен жоғары температура салдарынан аталған өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.
«Шілденің екінші және үшінші онкүндігінде елдің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында ең ыстық күндерде ауа температурасы +33+42°С дейін, Қазақстанның қиыр оңтүстігінде +46°С дейін жоғарылайды, салқын күндері +23+28°С-қа дейін төмендейді. Елдің солтүстік жартысы мен шығысында ауа температурасының түнде +15+23°С-тан +7+12°С-қа дейін, күндіз +32+39°С-тан +18+23°С-қа дейін ауытқуы күтіледі», — дейді «Қазгидромет» РМК.
Ал, Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде күн күркіреп, бұршақ жаууы және қатты жел тұруы ықтимал.
Атап айтқанда, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында найзағай ойнап, екпінді жел тұруы мүмкін.