7 сәуірде Қостанай қаласының әкімшілік соты «Көктем» бағбан серіктестігінің тұрғыны 39 жастағы Қайрат Мұсабаевты 10 тәулікке қамаған.
Ақпаратқа қарағанда, «Көктем» тұрғыны «қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін» әкімшілік жазаға тартылған. Сот қаулысында оның нақты қандай «былапыт сөз» айтқаны көрсетілмеген.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның президент Тоқаев пен үкіметті сынап, эмоциямен пікір білдіріп жатқаны жөнінде видео жарияланған.
«Қыста тоңамыз, жазда өртенеміз. Көктем келетінін болжай алмай, кенеттен суға батамыз. Ешқашан ештеңеге дайын болған емессіздер» дейді видео авторы. Видеоны оппозиция белсенділері мен телеграм-арналар жариялады.
Осыған ұқсас айыппен әкішілік қамауда болған 57 жастағы Ақылбек Темірғалинов 17 сәуірде қамаудан босап шықты. Ол су тасқынына байланысты үкіметті сынап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған.