Қазақ жастарының миын улап, болмысын өзгертіп, дүниетанымына үлкен өзгеріс әкеліп жатқан әлеуметтік желінің бірі TikTok. Тпті жақында АҚШ бұл әлеуметтік желісіне тиым салды. Ресейде жақында TikTok желісіне тиым салу мәселесін қарастырып жатыр. Ұлтқа рух беретін, қазақ тарихын, қасиетті шаңырағын, бірлігі мен берекесін айқындайтын Елтаңбамен алыспай, күмәнді қаржы көздерімен күн көріп жүрген «Жаңа адамдар» бастамашыл жастар неге осы мәселені көтермейді. TikTok пайда болмай тұрғанда өсіп, өнген жастар мен TikTokпен өскен жастарды салыстырып көріңіз. Күнімен көзін құртып, денсаулығына , психикасына әсер келтіретін видеоларды көріп жататын жастар, сыртқы әлеммен тіпті ата-ана, ағайын туысымен байланысты үзді. Интернет байланыс жоқ болса ауылға бармаймын деп тулайтындар бар. Өмірге келе салып бір жасқа жаңа толған бала ананың әлдиін емес, TikTokтың бәлдуін тыңдап өсіп келе жатқаны шындық. Күнделікті тіршілік қамымен, ақша тауып, несиемді қалай жабам деп жанталасқан ата-ана үшін де, телефонға сығырайып, мазасын алмай жатқан баласы ыңғайлы сияқты. Екіншіден, жастарды жартылай топас етіп жіберетін TikTokтың құдіреті үлкендерге де әсер етуде. Алпыстан асқан әжелер мен аталарда осы құдіреттің соңына түсіп, тікелей эфир жасап, мәңгүрттің әңгімесін айтуда. Түрлі қылмыстар мен бейәдеп сөздер, қоғам арасына іріткі салатын контенттер жастар арасында ерекше тарап кеткен. TikTok елдің болашағына қауіп-қатер төндіретін алапат күш. Күні мен түнін телефонға құрбандыққа шалған адамдар өмірдің мәнісін, патриотизм, туысшылдық, бауырмалдық, мейірімділік, достық, қарапайымдылық қасиеттерінен және қазақылық болмысынан толық айырылып жатыр. Тіпті қазақ тілінде оқыса да дүбара болып, ана тілінен жеріген жас жеткіншектергеTikTokтың әсері қатты тиіп жатқаны сөзсіз. Әсіре діншілдерде жастар көп отыратын аудитория ретінде TikTokты өздерінің діни уағыз, насихаттарына пайдаланып жатқаны белгілі. Келіні атасымен, атасы немересімен TikTokта видео түсіріп, масқара болып жүргенін көріп жүрміз. Өмірде он досы жоқтар, әлемжеліде мың досым бар деп мақтанатын болды. Тіпті мемлекетке қарсы саяси арампиғылды азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, ЛГБТ-лар сынды кері кеткендер осы TikTok желісін тиімді пайдаланып келеді. Бұған тиым салып, дер кезіндже тоқтатпаса кеш қалуымыз мүмкін. Кеш қалып та келеміз. Сондықтан да Мәжіліс пен Сенаттағы ел сөзін сөйлейтін азаматтардан бұл мәселені мықтап қолға алып, мемлекеттік деңгейде саяси шешім қабылдайтын уақыт келді деп есептеймін. Сонда ғана саналы, спорт пен кітапқа, білімге, елге құштар жастарды тәрбиелей аламыз.
Асылбек Байжұмаұлы