Қазақстандық скрипкашы халықаралық байқауда екінші орын иеленді
Германияда Guadanini Foundation 2-ші Штутгарт халықаралық скрипкашылар байқауы өтті. Музыкалық беделді бәйгеде Қазақстан атынан скрипкашы Руслан Талас өнер көрсетіп, жүлделі екінші орынға ие болды.
Байқауда бірінші орынды Оңтүстік Корея скрипкашысы Анна Им иеленсе, үшінші орынды америкалық Мэтью Хаккарайнен жеңіп алды.
Айта кету керек, 25 жастағы отандасымыз бірнеше рет ірі халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаты және дипломанты атанған. 2022 жылы ол WorldVision-да жеңіске жетті. Руслан Латын Америкасы мен АҚШ елдерінде танымал. Ал Еуропада ол «қазақтың Паганиниі» деген лақап атқа ие.
Өнер иесі Астанадағы ұлттық музыка академиясына 7 жасында қабылданған. Академиядағы оқуын бітірген соң, Мәскеудегі Орталық музыка мектебінде білімін жалғастырды, ал 2021 жылдан бастап Лозан музыка Академиясының (Швейцария) магистранты атанып, аты аңызға айналған скрипкашы Джанин Янсен сыныбында оқиды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі