Қазақстандық спортшы Александра Ле Париждегі Олимпиада ойындарында екі спорт түрінен сәтті өнер көрсетіп, миллионер атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Александра Ле Ислам Сәтбаевпен бірге Қазақстан құрамасының Олимпиададағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Олар пневматикалық мылтықпен 10 метрден ату бойынша үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, Александра жекелей сында финалға өтіп, алтыншы орынға ие болды.
Заң бойынша Қазақстанда Олимпиада ойындарында қола жүлдеге 75 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Ал алтыншы орын үшін спортшыларға 5 мың доллар көлемінде қосымша жарна төленеді. Осылайша, Александра Ле Париждегі Олимпиада ойындарында 80 мың доллар, яғни 37 миллион теңгеге жуық табыс тапқан.
Айта кетейік, 1 тамызда Александра үш позициядан мылтық ату (50 метр) бойынша сайысқа шығады.