Астана. 23 қаңтар. BM.KZ – 2025 жылы республикалық бюджеттен 4 трлн 225 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге — 1 368,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге — 2 856,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі зейнеткерлер саны — 2 млн 491 мың адам.
— Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 2025 жылдың қорытындысы бойынша 143 143 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері — 95 549 теңге, базалық зейнетақы — 47 594 теңге. 2025 жылдың басынан бері базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылды, — делінген хабарламада.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары — 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Осылайша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10%-ға артты.
Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды, бұл — күнкөріс минимумының 70%-ы, ал ең жоғары мөлшері күнкөріс минимумының 110%-нан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңге болды.
