«Қазгидромет» мекемесі бас директорының орынбасары Серік Саиров Батыс Қазақстан облысына Ресей аумағынан тасқынның екінші кезеңі келе жатқанын мәлімдеді.
Үкімет кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «Қазгидромет» өкілі Ақтөбе және Қостанай облыстарында тасқынның беті қайта бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, алда Қостанай облысының орталық, батыс бөлігінде тасқын басталуы мүмкін. Сонымен қатар, батыс Қазақстан облысында екінші кезеңі басталады.
– Ол кезеңнің көзі – Ресей аумағынан келетін судың көлемі. Өйткені Ирикла су қоймасынан келетін судың мөлшері көбейіп, оларда суды күрт түсіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Жайыққа Башқұрстаннан Сақмар өзені келіп қосылады. Ол жақтан Қазақстаннан кірген Ілек өзені барады. Соның бәрі қосылып, Оралға жақын кезеңде үлкен су келеді деп күтіліп отыр. Жақын кезең дегенде осы аптаның аяғына дейінгі мерзімді айтып тұрмын. Жайық өзені қазірдің өзінде көтеріліп жатыр. Біздің құрылымдық бөлімшелердің дайындығы бойынша, дайындық қарқынды жүріп жатыр», – дейді Серік Сайыров.
Сайыров «Қазгидромет» өкілдері Ресей мамандарымен күнделікті байланыста екенін, ақпарат күнделікті келіп жатқанын айтады.
Сәуір айына болжам
Болжамға сәйкес 2024 жылғы 1-10 сәуір аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Елдің көп бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп болады деп болжанып отыр.
Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында және екінші жартысында республиканың басым бөлігінде түнгі уақытта жаңбыр және қар жауады, күндіз жаңбыр жауады деп күтілуде. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр болады.
Қатты жауын-шашын республиканың шығысында (Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысы) 3 және 10 сәуірде, орталықта және оңтүстік-шығыста (Ұлытау облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы) 8-9 сәуірде, Түркістан, Алматы облыстарында және Жетісу облысында 9 сәуірде болады деп болжануда. Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында, республиканың көп бөлігінде онкүндіктің ортасында жауын-шашын тоқтайды деп күтіледі.
«Росгидрометтің мәліметі бойынша, Ресей аумағында қардың қарқынды еруіне байланысты Жайық өзені бассейнінде мұздың жарылуы және су деңгейінің көтерілуі басталады. Осыған байланысты сәуір айының екінші жартысында Орал өзені бассейнінде (БҚО, Атырау) жыл сайынғы су тасқыны болады деп күтілуде», – деп мәлімдеді Экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев.