Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды.
Отырысты ашқан Қоғамдық палата төрағасы Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық статистика бюросына ауқымды реформа жүргізіп, оны цифрлық ведомствоға айналдыруды тапсырғанын айтты.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева құжаттың мақсаты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде сақталатын деректердің сапасын арттыру үшін бірыңғай тиімді саясатты қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру екенін айтты.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев заң жобасында бюроны мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде сақталатын әкімшілік деректердің сапасын айқындайтын уәкілетті орган ретінде тану көзделгенін атап өтті.
Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин, Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская, консалтингтік компания директоры Наталья Малярчук мемлекеттік статистика саласын реформалау бойынша өз көзқарастарымен бөлісті.
Талқылау барысында депутаттар мен Қоғамдық палата мүшелері ауылшаруашылығында, әлеуметтік бағдарламаларда және өзге де салаларда болжам жасау үшін статистикалық деректерді пайдалану, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, деректерді верификациялау секілді мәселелерді көтерді. «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова бюджеттік статистикаға жаңа тәсілдерді енгізу керектігіне назар аударды.
Талқылау барысында айтылған барлық ұсыныс мен ескерту Мәжілістегі заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.