Жетісу облысының тұрғыны күйеуінің досының атынан жасырын түрде бірнеше рет миллион теңгеден астам несие рәсімдеген.
Қаратал ауданының тұрғыны жолдасының досының сеніміне қиянат жасап, смартфоны арқылы миллион теңгеден астам онлайн несие алған.
«Ол кісі қойшы болып жұмыс істейді. Смартфонды қалай қолдану керек екенін түсінбей, жақын досының әйелінен көмек сұраған. Келіншек кейбір қосымшаларды орнату үшін ер адамның жеке куәлігін сұраған. Алаяқ онлайн несие алу үшін жәбірленушінің телефонынан өтініш бере бастаған, кейін оны алдап, банк міндеттеген бейне тексеруден өтуін сұраған», деді Қаратал РОП бастығының орынбасары Арман Сұлтанов.
Осылайша, келіншек жәбірленушінің үйіне барған сайын «смартфонын тексеремін» деп түрлі сылтау айтып, жаңа несие алып отырған. Жәбірленуші өзінің атында несие бар екенін, банк қызметкерлері төлеу мерзімі өтіп кеткенін және оны қайтару керектігін айтқанша мән-жайдан бейхабар болған.
Қаратал аудандық соты алаяқты кінәлі деп танып, кәмелетке толмаған төрт баласының болуы, сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген залалды толық өтеуін ескере отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
«Құрметті азаматтар, смартфондарыңызды және жеке құжаттарыңызды бейтаныс адамдарға бермеулеріңізді сұраймыз. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін онлайн несие беру қызметін өшіріңіз, ол үшін ұялы телефоныңызға Egov мобильді қосымшасын жүктеп алып, іздеу терезесіндегі «Қызметтер» қосымшасындағы «Бас тарту» батырмасын басып, «Банк несиесін алудан ерікті түрде бас тарту» функциясын таңдаңыз», деп ескертті Арман Сұлтанов.