Астана. 5 қаңтар. BM.KZ – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 4 қаңтар сағат 09:30-дан бастап Қарағанды облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 92-164-шақырымында (Анар станциясынан Теміртау қаласына дейін) барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін шектелді.
Сонымен қатар 2026 жылғы 4 қаңтар сағат 22:00-де Ақмола облысында ауа райы жағдайының жақсаруына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жол) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 18-232-шақырымында барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін өзгертілді.
Ал Шығыс Қазақстан облысында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.
Сонымен бірге «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы жолайрықтың көпір құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы учаскесі жабылды. Атап айтқанда, Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабық.
