Астана. 13 ақпан. BM.KZ — Әлеуметтік желілерде «әскерден қалдыру» немесе «ақ билет» алып беру бойынша қызмет көрсету жарнамасы таратылып жатыр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы тарапынан қабылданатын түсіндіреді.
Әскерге шақыру мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру – заңды қызмет. Алайда медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері делдалдар үшін де, шақырылушылардың өздері үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Ведомство азаматтарды күмәнді схемаларға қатыспауға және жергілікті әскери басқару органдары (әскери комиссариаттар) немесе медициналық комиссиялар арқылы «мәселені шешіп беруге» кепілдік береміз деп, азаматтарды жаңылыстыратын «әскери комиссариаттардың көмекшілерінің» айла-шарғыларына алданбауға шақырады.
Әскери қызметті өткеру – әр азаматтың конституциялық борышы. Мерзімді қызмет жастарға білім беру жеңілдіктері мен гранттар алу, кәсіби дағдыларды меңгеру, дене дайындығын нығайту секілді нақты мүмкіндіктер береді. Бұл – тәртіптің, жауапкершілік пен ерліктің мектебі.
Сонымен қатар, мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде және қызметтен босатылғаннан кейін екі ай ішінде әскери қызметшілер үшін кредиттік демалыс (несиелік каникул) тетігі қолданылады. Белгіленген мерзімді толық өтеген азаматтарға білім беру жеңілдіктері ұсынылады. Соның ішінде оларға студенттік жатақханадан орын алуға да басым құқық беріледі. Сондай-ақ жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ білім беру грантын алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға арналған сертификаттар мерзімді әскери қызмет өткерген 9 мыңнан астам қазақстандыққа берілді.
Азаматтарды мерзімді қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Оны ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты, ал шақырылушылардың тізімін қалыптастыру және шақыру қағаздарын табыстауды жергілікті әскери басқару органдары қамтамасыз етеді.
Азаматтар шақыру комиссиясының шақыру қағазы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті. Оны жеке табыстау мүмкін болмаған жағдайда азаматтардың келуін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.
Медициналық тексеруді жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандары өткізеді. Олар азаматтың әскери қызметке жарамдылық санатын анықтайды. Заңды негіздер болған жағдайда мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату мүмкіндігі беріледі, ал басқа жағдайларда азаматтар мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
18-ден 27 жасқа дейінгі, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ ер азаматтар әскерге шақырылады. Шақыру жылына екі рет – наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды өз құқықтарын жүзеге асыру үшін тек заңды тетіктерді пайдалануға шақырады.
