Тілсіз жаудың тізеден келетіндігін кім білген.Со-нау алыста жатқан Қостанайды айтпай-ақ қоялық. Астананың іргесіндегі дүрдей Қояндының жұрты кеше үйлерінен «үркіп шықты» үрікпей қайтсын!? Үйлерін су алып жатса, бала-шаға жылап жатса. Қояндылықтар жолды жапты. Полиция барды. Айқай деді. Ұқай деді. Бауыр деді. Тәуір деді. Көнбеген соң «ескі тактика» омон апарып ит қосқандай қып тырқыратып қуды. Баяғы ескі тәсіл халықты қорқыту. Бөтен ұлт жоқ. Нәті жуас. Негізі жуас халық. Басқа ұлттың ауылын дәл осылай су бассын. Аудан әкімі барып қолмен «жырақа» салады. Салғызады.
Халықтың жазығы не? Ауданның басшысы қайда? Қайда кетті. Ашынған халықтың алдына шығып «басалқы сөз» басу айтпай ма!? Қайта ашынған халықтың ызасынан тайсалды я қорықты не болмаса құрығым ұзын, қары қысқа қараша қайда барар, құрығымды бір сілтесем әрі кетеді, бері келеді пішту деген болар!? Адамдықтың емес-надандықтың ісі.
Қолынан түк келмейтін. Іс білмейтін не халықпен, не қасындағыларға сөзі өтпейтін ауданының басшысы кім!? Құдайдың беті аулақ!.. Солай деп тілеймін. Әгәрәки ел шетіне жау келсе,мына елді басқарып отырған жағасы тазалар, креслодағы шалқайып отырғандар тоңқайып қала ма деген мен күдік бар. Өйткені бұларға Отан деген «тырнақшаның» ішіндегі болымсыз дүние. Отан деген ұлы ұғым жоқ. Мақұрым одан.
Тілсіз жау су басса ауыздықтай алмайды! Өрт шықса оған дәрменсіз… Оу ағайын осы бізге «елді басқарып отыратын» әкімдердің керегінен –керегі жоғы дұрыс шығар! Бір әкімде бір неше көмекші болады. Мысалы: аппарат басшысы. Үш Зам… Ұйымдастыру бөлімі. Кеңесші. Төтенше жағдайларға жауапты адам. Барлығы «рахметке» жұмыс істемейді. Ай сайын мемлекетке жұмыс істеп жатырмыз деп миллиондап еңбекақы алады. Сонда деймін бұлар таңертен жұмысқа барып «түсте ас ішіп» кешке үйіне барып дем алып, сонсоң «ел басқарып» отырмыз деуге қараша халықтан емес-тым құрмаса төбедегі Құдайдан қорықпай ма!?
Қазіргі басшылар «ел қайдалап» іздемейді жегені алдында, жемегені артында бейнетті молынан кешіп жатқан ХАЛЫҚ. Ашынған халық мұң айтайын десе «айтатындары көп сөз» нәтижесіз жай сөз. Кеше ел алдына сайлау сайын шығып ақ жарылқап заманды орнатып беретін атымай, ақеділ «Аманат» партиясы қайда?
Қайығы судан өткен соң олар төрт жыл я бес жыл бойы ұйықтайды. Пыр-пыр ұйқы. Ұйқыдан бас көтермейді. Бармайды ма!? Я болмаса Қоянды ауылы қарайтын аудан басшысына тілипон шалып «пақыр-ау, бармайсың ба, көрмейсің бе, не боп жатыр?..»-деп біреуі хабарласпай ма? Әй қайдам… Қайта ОМОН жіберіп халықты қуды.
Көктемгі су тасқынына қаражат бөлінді ме, бөлінбеді ме? Бұны осы ауданды басқарып креслосында шалқайып «түс көріп» отырған әкімі білетін шығар. Бұл жағы бізге беймәлім. Дейтұрғанмен қолынан іс келмейтін әкімді халықтың талабымен құзырлы орындар тексеріп тиісті жауапқа тартуы керек. Қаншама үйді кеше су басыпты. Ал ол үйдің материалдық шығындарын кім көтереді. Аудан әкімі ме!? Әлде әкімнің оң қолы мен сол қолы өтейді ме? Бұл жағы белгісіз. Қайран халқым өрт болса да, су басса да көретін көрешекті көріп күңкілдеп келе жатырсыздар! Хайырсыз әкім. Қайырымсыз елде өмір сүріп жатырмыз. Зар қаққан қазақ. Жылаған қазақ. Ел басқарам деп тағына желімше жабысқан көк иненің көтенін түрте алмайтын әкім-қара. Қайда барып күн көреміз!? Әділетті Қазақстан «насыбайды» тема қылып кетті.
Насыбай құрысын!.. Алдымен әлеуметтін әлеуетін көтеріп алып «насыбай мен басыбайды» сосын әңгіме қылмай ма!? Арты қайырлы болсын! Әлі талай ауылды қар кеткенше су басар. Ал Құрылтайда кәкір емес, шүкір емес осындай елдің басты проблемасы айтылуы керек қой. Әй айтылмайды –ау!.. Айтылмайды. Су басса да, у ішсе де, өрт болса да көрешегін көретін халық. Айналайын халқым-ай, қашан басынан бұлт кетер екен!? Айтамыз қоямыз. Ал Қоянды ауылы қарайтын аудан басшысы қайда!? БАР-СЫЗ –БА!?
АУ!? ДЕҢІЗШІ ҚОЯНДЫ ЖҰРТЫ ҚАРА СУҒА ТІЗЕДЕН ҚАМАЛЫП ЗАР ҚАҚТЫ КЕШЕ.
Бүгін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті барып жұмылып жатыр. Халық шуламаса аудан басшысы пыс-пыс, пыр-пыр ұйықтай береді-ау сірә!
БУРАБАЙДЫҢ ЖЕҢІСІ