Қазақстан мен Қытай басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режимінде қатысты.
Іс-шара қатысушыларына Ұлы Жібек жолы бағытымен жүретін транзиттік рейс туралы бейнеролик көрсетілді. Шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Төраға Си Цзиньпин жүк паромдарының қозғалысын іске қосты.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты.
Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы студенттердің терең білім алуына және кәсіби тұрғыда өсуіне зор мүмкіндік береді және олардың тілдік дағдыларды, мәдениетаралық коммуникацияны және ғылыми зерттеу әдістерін меңгеруіне ықпал етеді.
Бұл жобалардың табысты жүзеге асырылуы мәдениет және білім салаларындағы өзара алмасуларды жандандыру, екі ел арасындағы саяси және экономикалық қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Baimedia.kz