Өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан дүниежүзінің 70-тен астам елін қамтыған Chapter Zero жаһандық бастамасына қосылды. Осы орайда Үкімет Астанада Chapter Zero Kazakhstan бастамасын салтанатты түрде ашты.
Бұл бастама төмен көміртекті, яғни бірінші кезекте көмір жағудан бас тартатын «жасыл» экономикаға біртіндеп көшуді қамтамасыз ету үшін әр мемлекетке іскерлік және инвестициялық шешімдер ұсынады.
Қазақстан мен Орталық Азияға арналған тиісті корпоративтік басқару бағдарламасын әзірлеуге бағытталатын мол қаржыны INSEAD халықаралық бизнес мектебі, Chapter Zero Kazakhstan компаниясы, «Астана» қаржы орталығы, McKinsey, KPMG шетелдік аудиторлық-консалтингтік фирмалары және Назарбаев Университеті игереді.
«Елдің төмен көміртекті дамуы – тұрақты өркендеудің алғышарты, ол жаһандық климаттың өзгеруінің апатты салдарының алдын алуға бағытталған. Елімізде жаңғыратын және баламалы энергия көздерін дамытудың бірқатар жобасы бар. Президент тапсырмасымен, Қазақстанның көміртек бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді. Бұл жобаларды іске асыру қоршаған ортаның сапасын жақсартып, климат өзгеруінен болатын сын-қатерлердің алдын алуға, технологиялық дамуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканың көміртекті пайдалануын азайтуға, басқа да маңызды мәселелерге ықпал етеді», – деді осы орайда Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс.
Алайда дәл осы кезде Қазақстанның керісінше, көмірді көп жағатын алып энергетикалық кешендердің жобасына қайта оралғаны анықталып отыр.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында министрлік Электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын қабылдады. Оған сәйкес, қолданыстағы қуат көздерін жаңғырту, сондай-ақ жаңа қуаттарды іске қосу бойынша бірқатар жоба іске асырылады. Нәтижесінде, жалпы көлемі шамамен 26 ГВт жиынтық қуат пайда болмақ.
Бағдарлама жеке инвесторларды да көмір жағып, жылу және электр энергиясын өндіретін қазандықтарды ел игілігіне тапсыруға ынталандыратын көрінеді. Өйткені, іс-шаралар жоспары жалпы қуаты 6,7 ГВт болатын газ және көмір генерациясының қосымша жобаларын қарастырады. Соның ішінде шамамен 2,4 ГВт маневрлік генерацияны мемлекет аукциондық сауда-саттық аясында сатып алады.
«Ресеймен үкіметаралық келісім бекітіледі деп жоспарланған. Оның аясында Ресей Көкшетауда электрлік қуаттылығы – 240 МВт, жылу қуаттылығы – 520 Гкал/сағат болатын жылу-электр орталығын салады. РФ тұрғызатын Семей ЖЭО-сының электрлік қуаттылығы – 360 МВт, жылу қуаттылығы – 1 200 Гкал/сағат болады. Ресей сондай-ақ Өскемен ЖЭО-сының құрылысын жүргізеді. Оның электрлік қуаттылығы – 360 МВт, жылу қуаттылығы – 1 002 Гкал/сағат болады. Бұл ЖЭО-лардың барлығы көмір жағады», – деді еліміздің бас энергетигі А.Сәтқалиев.
Олигарх Александр Клебановтың бақылауындағы Петропавл ЖЭО-2-нің 2022 жылғы наурызда құлап, қызметкер әйелді жантәсілім еткен алып мұржасын қайта салуға да енді Ресей тартылатын болды. Өйткені «оны салу қазақстандық мердігердің қолына келмепті». Жаңа мұржа биылғы жазда тұрғызылып болуға тиіс еді, алайда оның мерзімі кейінге шегерілген.
28 наурызда Премьер-Министр Олжас Бектеновтың Петропавл ЖЭО-2-ге сапары кезінде, «Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановский мұржаны тұрғызудың екінші талабы 15 мамырда басталады деп жоспарланғанын жеткізді. Іргетасы дайын.
«Бізге бүгінде Ресейден мердігер келді. Келіссөз жүргізіп жатырмыз. Себебі, өзіңіз білесіз, қазақстандық мердігер істі жарға жықты. Біз 2024-2025 жылғы жылыту маусымына қолданыстағы ескі түтін мұржаларымен кіреміз. №1-ші түтін мұржасына жазда қосымша зерттеу жүргіземіз. Егер қандай да бір кілтипандар анықталса, қажетті жөндеу жүргізіледі», – деп баяндады Анатолий Казановский.
2024 жылы инвестициялық және жөндеу науқаны аясында Петропавл ЖЭО-2-ні жөндеуге 17,6 миллиард теңге ел қаржысы шығындалады.
«Станцияда жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақтылы және толық орындап, осы жылдың соңына дейін жаңа түтін мұржасының құрылысын аяқтау қажет. Үкімет тарапынан ең маңызды жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау көрсетілетін болады», – деді Олжас Бектенов.
Әрине, Қазақстан Үкіметі жаңғыратын энергия көздерінің жалпы көлемдегі үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға жеткізетінін жаһанға жария етті. Бірақ қазіргі жоспарларында алып мұржаларынан қап-қара түтінін аспанға будақтататын ЖЭО-лар басым.
Энергетика министрлігі 2024 жылы келесі жобалар жүзеге асырылатынын мәлім етті:
- Батыс Қазақстанның электр желілерін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне қосу жобасы бойынша жұмыс биыл аяқталмайды, ары қарай жалғасады. Егер жоба аяғына жеткізілсе, бір жағынан, Батыс облыстарымыз Ресейге тәуелді бола бермей, еліміздің ортақ жүйесіне қосылып, қуатты содан алады. Екіншіден, Батыс облыстардағы газ кен орындарын пайдаланып, газдан қуат генерациялайтын алып кешендер тұрғызуға жол ашылады.
- Күлі көп жергілікті қоңыр көмірді жағатын Екібастұз ГРЭС-1 (500 МВт) кешенінің бірінші энергия блогын қалпына келтіру бойынша ауқымды жоба аяқталады.
- Мазут пен көмірге негізделген Топар ГРЭС (130 МВт) пен Атырау ЖЭО-да (65 МВт) қосымша қуаттарды іске қосуға тиіс.
- Қолданыстағы көмір жағатын энергия объектілерінде және электр беру желілерінде күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы 10 энергоблокты, 55 энергетикалық қазандықты және 45 турбинаны күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу, сондай-ақ жалпы ұзындығы 20,9 мың шақырымдық электр беру желілерінде жөндеу жұмыстары, 423 қосалқы станцияда жөндеу жоспарланған.
- Салыстырсақ, биыл жаңадан енгізілетін жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) 11 объектісінің жалпы қуаты небары 259 МВт болмақ.
Ендеше «Қазақстан жасыл энергетикаға түпкілікті бетбұрыс жасады» деуге ерте.
Оған асықпауына Үкіметті мұқтаждық итермелеп отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев таяу жылдары елдегі қуат тапшылығы алапат ауқымға жететінін жасырмады. Оны негізінен көмір жағатын қуат көздері өтей алады.
Бүгінде Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей және Орталық Азия елдерінен қуат импорттауда.
«Бекітілген қуат балансына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанның электр энергиясына деген қажеттілігі 28,2 гигаваттан асады. Бұл ретте жаңа қуаттардың іске қосылатынын есепке алғанның өзінде, сол кезде қолда бар қуат 22 ГВт-ты ғана құрайды. Шамамен 4 ГВт жаңа қуатты іске қосқанның өзінде электр қуаты тапшылығының көлемі 6 гигаваттан асып түседі», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді. Электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес, 2023 жылы 9 энергоблокқа, 46 қазандыққа және 46 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Соның өзінде станциялардағы жабдықтардың тозуының орташа деңгейі 56% болған.
Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, елді энергиямен сенімді қамту үшін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту қажет.
Жалпы, шағын ел болғандықтан климаттың өзгеруіне Қазақстанның үлесі мардымсыз. Климаттық дағдарысқа негізінен, АҚШ, Еуропа, Ресей, Үндістан, Қытай секілді алпауыт елдер орасан зор ықпал етуде. Сондықтан бұл жерде «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің» кері. Тоңатыны – Қазақстан. Ұсақ мемлекет санатындағы Қазақстан көмірден толық бас тартса да, одан әлемге келіп-кетері шамалы.
Energy Charter дерегінше, Қазақстанда көмірдің тек барланған кен орындарының саны 300-ден асады. Олардағы көмірдің геологиялық қоры 170,2 миллиард тоннадан көп.
2023 жылы еліміздегі көмір өндіруші компаниялар жалпы көлемі 112,7 миллион тонна көмір шығарды. Бұл алдыңғы жылғыдан небәрі 1,1%-ға аз.
Осы қарқын сақталса, қазақтың көмірі өзіне 1 510 жылға немесе 15 ғасырға жетпек.
Ендеше 2060 жылға дейін көмірді жағудан бас тарту – елдің мүддесін ойлау, ұлттық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес, жаһандық сәнге еліктеу, мемлекеттің халықаралық бедел-имиджін соның есебінен жақсартуға талпыну ғана болар еді.