Шымкент. 13 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – Руслан Берденовтің заңды өкілі Жеңіс Тыныбек соңғы сот отырысынан бері кей бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан біржақты мазмұндағы хабар таратылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, журналистер кей мәлімдемелерді контекстен бөліп алып, мемлекеттік органдардың беделін түсіруге бағытталған ақпарат берген.
Қылмыстық жауапкершілік сіздерге де қатысты туындауы мүмкін. Себебі тексерілмеген ақпаратты жариялап отырсыздар. Егер ол (Ернар Жиенбай – ред.) ертең Джон Кеннедиді өлтірдім десе, сіздер оны бірден тарата салмайсыздар ғой, алдымен тексересіздер, – деді адвокат.
Жеңіс Тыныбектің сөзіне қарағанда, олар бұл ақпараттық текетіреске дайын болған. Қарсы тарап Берденовке қатысты «үлкен ақпараттық соғыс» болатынын алдын ала ескерткен. Кездесу болмаса, ақпараттық шабуыл жасап, оның мансабына кедергі келтіретіндерін айтқан.
Тілшілердің «Берденовтің абыройына нұқсан келтірген нақты қандай мәлімдемелер?» деген сұрағына адвокат «әйеліне және құрылысқа қатысты мәліметтер» деп жауап берді. Оның пікірінше, журналистер барлық айғаққа көз жеткізіп барып жариялауы керек.
Ал Ернар Жиенбайдың адвокаты Нұрдәулет Мұсақұлов қорғауындағы адамның «Адам өлтіруге оқталды» деген айыппен келіспейтінін жеткізді. Жиенбайдың айтуынша, ол мұндай әрекетке бармаған, тек қорқыту мақсатында барғанын бірнеше рет мәлімдеген. Бұл сөздері бұған дейін де БАҚ арқылы таратылған.
