Тамыз айының соңғы онкүндігінде Қызылорда қаласында 2 адамнан COVID-19 жұқтыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Баймедиа.кз. Облыста коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаланғанмен, жыл басынан бері 78 жағдай тіркелген.
«Нақты айтқанда, қаңтар-мамыр аралығында аймақта 76 адамнан COVID-19 жұқтыру дерегі анықталса, мамыр айынан бастап тамызға дейін коронавируске шалдығудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.
Ахуал тұрақты болғанымен, республика көлемінде коронавирустық инфекция көрсеткіштері алдын алу іс-шараларын күшейтуге негіз болып отыр. Бұл ретте ЖРВИ, вирустық пневмония және КВИ-мен емдеуге жатқызудың өсуінің байқалмайтынын атап өткен жөн. Яғни, бұл КВИ ағымы көп жағдайда жеңіл түрде өтіп жатқандығын растайды. Мәселен, секвенирлеудің соңғы деректері бойынша Қазақстанда, бүкіл әлемдегідей 100% омикрон штамының әртүрлі нұсқалары таралуда» дейді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенова.
Департамент басшысы коронавирус және ЖРВИ мен тұмау ауруларының алдын алу үшін келесі сақтық шараларын ұсынады:
— үй-жайларда жиі ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, желдету режимін жүйелі сақтау;
— қол гигиенасын орындап, антисептиктер пайдалану;
— тұмау, ЖРВИ, КВИ ауру белгілері бар адамдармен байланысты мейлінше шектеу және байланысқан жағдайда арақашықтық пен маскалық режимді орындау;
— ауру белгілері байқалған кезде өз бетімен емделмей, дәрігерге уақытылы қаралу.