Астана. 28 қаңтар. BM.KZ – Мемлекет қорғауындағы ағаштарды заңсыз кесу және дайындаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қаңтарда Қызылорда облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы облыстық прокуратурамен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мемлекет қорғауындағы ағаштарды заңсыз кесу және дайындаумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Күдіктілердің заңсыз әрекеттері мемлекеттік табиғи қорық аумағында жүзеге асырылған. Аталған іске табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жекелеген инспекторлары да қатысып, қылмыстық топқа «қамқорлық» көрсеткен. Олар жүйелі түрде заңсыз ақшалай сыйақы алып отырғаны анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер сирек кездесетін сексеуіл ағашын заңсыз дайындап, оны шекаралас облыстарға өткізу бойынша тұрақты қылмыстық схеманы ұйымдастырған. Ағаш дайындау орындары анықталып, өнімді басқа өңірлерге тасымалдау фактілері құжатталды.
— Тінту барысында бірнеше атыс қаруы мен оқ-дәрілер, жүк көліктері, электрлі аралау құралдары, радиостанциялар, ірі көлемдегі ақша қаражаты, сондай-ақ табиғи жағдайда қалпына келуі ондаған жылды қажет ететін заңсыз кесілген сексеуілдің едәуір көлемі тәркіленді, делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталуда.
Ішкі істер министрлігі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді заңсыз кесу экожүйеге елеулі зиян келтіретінін және ауыр қылмыстар санатына жататынын ескертеді.
