Ресейде кейбір өндірістік аймақты су алып, Украина дрондары мұнай өңдеу зауыттарына шабуылды үдеткен тұста Мәскеу Қазақстаннан 100 мың тонна бензин беруді сұрап отыр
Құпия келіссөз туралы 8 сәуірде Reuters басылымы дереккөзіне сілтеп жазды.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресей Қазақстаннан елде жанармай тапшылығы бола қалған жағдайда 100 мың тонна бензин беруге дайын болуды сұраған.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Астана бұған келіскен. Ресей энергетика министрлігі Reuters агенттігіне құпия келісім туралы пікір бермеді. Бұған дейін Беларусь Ресейге бензин жеткізуге дайын екенін мәлімдеген. Қазақстан билігі Азаттыққа мұны жоққа шығарды.
Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов «ешқандай келісім болған жоқ. Ресей энергетика министрлігі тарапынан ешқандай сұраныс та болған жоқ. Бұл ақпаратты жоққа шығарамыз» деді.
Наурыз айының соңындағы жағдай бойынша, дрон шабуылы салдарынан Ресей зауыттарының мұнай өңдеу қуаттылығы 14 пайызға кеміген. Өткен аптада су тасқыны салдарынан Орынбор облысындағы мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. Ресей билігі әзірге «ішкі нарықтағы жағдай тұрақты, жанармай қоры жеткілікті» деп отыр.
Бірақ 1 наурыздан бастап өзге елдерге бензин экспорттауға алты айға тыйым салды. Алайда ол Евразиялық экономикалық одақ елдері мен Моңғолияға әсер етпейді. Трейдерлер «нарықта жағдай ушықса, бұл мерзім ұзаруы мүмкін екенін» айтады.