Рудныйда 7 жасар баланың жантүршігерлік өлімінен кейін мердігер компанияның жауапты адамы 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Жергілікті полиция сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ережелерді бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр. Оқыс жағдай екі күн бұрын болған еді. Бала құбыр тартылып жатқан шұңқырға құлап, топырақ астында қалған. Оның денесін құтқарушылар шығарып алды. Қайғылы жағдай болған кезде құрылыс нысанында жұмысшылар болмаған. Баланың ол жерге қалай барғаны әзірге белгісіз.
Ерлан Сералин, Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:
Тексеру жүргізіліп тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.Тергеу барысы облыстық ПД басшысының бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Жақында Алматыда да осыған ұқсас жағдай тіркелген еді. 4 метрлік шұңқырға құлап кеткен, 11 жастағы бала абырой болғанда аман. Жедел жәрдем көлігі науқасты қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Қажетті медициналық тексеруден кейін, қазір амбулаториялық ем қабылдап жүр. Ал мердігер компанияға шара қолданылды ма? Ол жағы белгісіз. Бұған қатысты жауаптылардан жауап алу мүмкін болмады.