Астана. 27 қаңтар. BM.KZ – Семей қаласында екі автокөлікті өртеген күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 25 қаңтарда сағат 18:10–да болған.
Бұрын сотталған 66 жастағы жергілікті тұрғын мас күйде учаскелік полиция пунктінің маңындағы «Chevrolet Cobalt» және «Changan» маркалы екі автокөлікті өртеп жіберді. Бұл көліктер полиция қызметкерлеріне тиесілі болған.
— Жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Ол учаскелік полиция пунктіне жеткізіліп, заңда белгіленген тәртіппен қоғамдық орында алкогольдік мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Құжаттар рәсімделгеннен кейін ер адам туыстарына тапсырылып, босатылған.
Полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттерімен келіспеген азамат кейіннен қасақана заңға қайшы әрекеттерге барып, учаскелік полиция инспекторларына тиесілі, учаскелік пункт маңында тұрған екі автокөлікті бензин құйып өртеген.
Тергеу қорытындысы бойынша оның әрекеттеріне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес құқықтық баға берілетін болады.
