Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаған үш тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Шардара аудандық прокуратурасы хабарлады.
Биыл ақпан айында табиғатты қорғау бағытындағы жоспарлы бақылау кезінде прокуратура өкілдері дрон көмегімен заңсыз балық аулау фактісін анықтап, полиция бөліміне жолдаған.
Анықталғандай, Шардара ауданының үш азаматы алдын ала сөз байласып, «Ямаха-60» қозғалтқышы орнатылған «ОКА» маркалы қайықпен су қоймасына шығып, моноталшықты қытайлық торлар арқылы балық аулаған. Олар заңсыз жолмен 376,2 кг сазан, 2 кг көксерке және 0,7 кг жыланбасты аулап, мемлекетке 2,9 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Сотта мемлекеттік айыптаушы олардың кінәсін толық дәлелдеді. Сотталушылар өз кінәсін мойындап, оларға балық шаруашылығына байланысты қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл 5 ай мерзімге айыру және 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Қазіргі таңда мемлекет пайдасына 406 мың теңгеден астам залал өндірілген.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
