Шетелге жұмыс істеуге барып, құлдыққа түскен қазақстандықтар көбейген
Таиланд, Мьянма және Лаос елдерінің арасында алтын үшбұрыш аталып кеткен тропикалық ну орман арасында 100-ге жуық азаматымыз жоғалып кетті. Соңғы екі жылда қылмыстық топтардың құрығынан 28 қазақстандық құтқарылды. Қалғандарының тағдыры беймәлім.
«Дубайдағы жақсы танысымның кеңесімен бардым. Мені Бангкокта ағылшынша білмейтін адамдар қарсы алды. Қымбат қонақ үйге орналастырды. Ертең Чианграй деген қалаға жұмысқа шығасың деді. Ол 20 минуттық жерде орналасқан. Бірақ екі жарым сағат орман мен жанартауы көп жаққа алып келді. Сол кезде үрей басталды. Қайықпен суды кешіп өтіп, әкелген жерді көргенде шошып кеттім. Амал тауып ағама хабарласып үлгердім. Әйтпесе жағдай қиын еді», — деді Анель.
Соңғы 2 жылда соғыс болып жатқан Мьянма елінде 200 қазақстандық құлдықта болған. 100-ге жуығы әлі сол жақта жүр. Бостандық сұраса «сені сатып алған ақшамды өте немесе сойып органға тапсырамыз» дейді екен.