Астана. 3 қазан. BM.KZ – Үлкен Нарын кентіндегі Ленин орта мектебінің ата-аналары мектеп асханасындағы тамақтан құрт шыққанын айтып, дабыл қақты.
Сорпадан шыққан құртты балалар суретке түсіріп, ата-аналарына жіберген.
– Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін бізде де, балаларда да ешқандай дәлел болмағандықтан, нақты шара қолдана алмадық. Осы жолы сорпадан шыққан құртты көрген балалар бірден суретке түсіріп, ата-аналарына жолдаған, – дейді ата-аналар комитетінің төрайымы Оксана Занина.
Аудандық білім бөлімі тарапынан қажетті шаралар қабылданып, мектеп асханасында санитарлық нормалардың сақталуын тексеру мақсатында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы ресми хат жолданған.
– Қазіргі уақытта тексеру жүргізу мәселесі қаралуда. Оның қорытындысы бойынша заң аясында барлық тиісті шаралар қабылданады, – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ мектеп әкімшілігіне байланысты да қызметтік тексеріс басталды.
