Астана. 18 желтоқсан. BM.KZ — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқыру) айыпталған, деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сотта анықталғандай, А. 2025 жылдың қаңтар айында «Instagram» әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасы арқылы «инвесторлар ақшалай қаражат берген жағдайда, тендер арқылы ақшалай қаражатты көбейтіп беретіні туралы жалған ақпараттарды жарнамалап, алайда ол ақшаны құмар ойындарға жұмсаған.
Сөйтіп, жәбірленушілерге 35 419 000 теңге көлемінде мүліктік залал келтірген.
Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденді. Прокурор сотталушыны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіріп, қатаң жаза тағайындамауды сұрады.
«Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және асырауында жасөспірім балаларын болуын ескерді. Іс бойынша оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайларға қылмыстың қайталануын жатқызды», делінген қалалық соттың ресми хабарламасында.
Сот, А.-ны ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, оған 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Рақымшылық заңды қолдану арқылы түпкілікті жазаның мерзімі үштен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 14 жасқа толмаған төрт баласының болуына байланысты жазасын өтеуі 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.
Іс бойынша талап арыздар толығымен қанағаттандырылып, сот үкімі заңды күшіне енді.
