Астана. 29 желтоқсан. BM.KZ – Шымкент қаласы Абай ауданында бір отбасының сегіз мүшесі табиғи газдан уланды.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері барды.
— Алдын ала болжам бойынша, улану себебі — түтіндік мұржаның қауіпсіздік талаптарына сай болмауы. Улану салдарынан сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтардың жағдайы қанағаттанарлық, барлығы медициналық бақылауда, — делінген қалалық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.
Осы орайда, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға улы газдың иіссіз әрі аса қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, газ жабдықтарын уақытылы тексертіп, түтіндік мұржаның дұрыс орнатылғанын қадағалауға және үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасауға шақырады.
