Шымкент. 5 қыркүйек. BM.KZ — Шымкент қаласында әйел адамның қоғамдық орында жасаған оғаш әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оқиға, Арбат саябағындағы қоғамдық дәретханада болған.
Желіде тараған видеода әйелдің кенеттен әжетхана есігін теуіп кіріп, ішіндегі гүл салынған құтыны алып, оны лақтырып жібергені анық көрінеді. Оқиға куәгерлері оны тоқтатуға тырысқан. Біраз уақыттан кейін, әйел әрекетін доғарып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған азаматшаға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Аталған жайт бойынша азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, оған қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, алдағы уақытта құқыққа қайшы келетін әрекеттерге жол бермеу қажеттігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді», – деп хабарлады Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі.
