Астана. 16 қаңтар. BM.KZ — Шымкентте жантүршігерлік оқиға орын алды. Туған анасы, бауыр еті балаларына ауыр тән жарқаттарын салып, денесіне үтік басқан. Туыстарының айтуынша, 10 және 8 жастағы балаларға анасының көрсетпеген қорлығы жоқ. Тіпті, 5 сынып оқитын қызының шашында алып тастаған.
«Балаларды шеше деген олай ұрмайды. Қалай тірі қалғанына біз таңқалып отырмыз. Күндіз-түні Қошқар атаға апарған, ұрған, итерген, қинаған. Судан қайта шығарып, су күйінде үйіне алып келген. Бала-шағаның күймеген жері қалмаған. Пылесостың темірімен ұрған дейді. Шнурымен ұрған. Бұл айуандық»,-дейді балалардың туысы.
Ауруханада жатқан балалардың екі бауыры, яғни 4 және 1 жастағы сәби мемлекеттік мекемелерге жайғастырылған. Бұл туралы Шымкент қалалық бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің көмекшісі мәлімдеді.
«Жалғызбасты ана 4 баласымен бірге тұратыны анықталды. Ол жерде жолдасы әйелдің айтуы бойынша заңды түрде ажырасқан. Дегенмен, дәлелді құжаттарын көрсете алмады. Осыған байланысты депрессиялық жағдайға түсіп, өзінің үлкен қызы мен баласына дене жарақаттарын келтіргенін ананың өзі мойындап отыр. Бүгінгі күнде кәмелетке толмаған балалар мемлекеттің қамқорлығына өтті»,- дейді Шымкент қаласының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің көмекшісі Абай Пахынбетов.
Айта кетейік, аталған жайт бойынша Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Сондай-ақ жиналған материалдар әйелді ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданатын болады»,- деп хабарлады Шымкент қалалық ПД.
Туыстарының сөзіне сенсек, жәбір көрген балалардың анасы мен әкесі 2023жылы ажырасып кеткен. Алайда, бірнеше айдан соң қайта қосылған көрінеді.
