Ат құлағында ойнайтын 24 жастағы Ернар Жасұзақ ұлттық спортты серік еткен жас спортшы. Ол жақында ғана Кинэс-2025 Қазақстандық рекордтар кітабына енді. Себебі, ол екі аттың үстінде тік тұрып, 2 шақырымды небәрі 3 минут 28 секундта жүріп өткен.
Бұл ерекше трюкті орындау үшін Ернар үш ай бойы үздіксіз жаттығып, жылқының бабын келтіріп, дайындық жүргізген. «Екі аттың үстінде тұрып жүру» трюгі көшпенділердің батырлық дәстүрінен шабыт алған өнер. Ернардың айтуынша, бұл идея ұлттық спортқа үлес қосу мақсатында туған.

Ұлттық өнерге деген адалдық
Ернардың спортқа деген қызығушылығы жастайынан басталған. 21 жасында ат үстіндегі акробатикалық трюктерге ден қойып, кейін ұлттық спортқа бет бұрған. Бүгінде шабандоздық өнермен қатар, садақ ату, теңге ілу сынды ұлттық ойындармен де айналысады. Қазіргі таңда ол Алматы қаласының атынан өнер көрсетіп жүр. Оның айтуынша, ұлттық спортты қай өңірде де дамытуға үлес қосу басты ұстанымы. Қазіргі таңда Ернар тек жарыстарға қатысып қана қоймай, жасөспірімдерге садақ атудан сабақ береді.
«Ат үстіндегі өнер тек спорт емес, бұл рухты, тәртіпті, тектілікті тәрбиелейтін өмір салты. Шеберлік пен шымырлықты талап ететін жигитовка, көкпар, бәйге, жамбы ату секілді спорт түрлері елімізде қарқынды дамып келеді. Сондықтан, мен ұлттық спортты дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бұл мен үшін үлкен мәртебе», — дейді ол.

Заманауи тәсіл – жастарға жол
Қазіргі таңда жастардың қызығушылығы заманауи технологияларға, цифрлық медиаконтенттерге бағытталғаны белгілі. Сондықтан ұлттық спорт түрлерін насихаттау да осы бағытта жүргізілуі тиіс дейді кейіпкер. Оның айтуынша, TikTok, Instagram секілді әлеуметтік желілер арқылы қызықты әрі пайдалы бейнероликтер, деректі фильмдер жасау жастардың назарын аударудың тиімді жолы екен.
«Арнайы үйірмелер ашу, спорттық жарыстар ұйымдастыру және ұлттық спорт саласында танымал тұлғалар арқылы мотивация беру де, қызығушылықты арттырады. Мен әлеуметтік желілер арқылы да спортқа деген құлшынысымыды арттырамын», – деді ол.

Мектептер мен жаттықтырушылар жетіспейді
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ұлттық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Республикалық деңгейдегі жарыстар мен халықаралық турнирлер ұйымдастырылып, ұлттық спортқа қатысты ұйымдар, соның ішінде ұлттық спорт қауымдастығы белсенді жұмыс істеп келеді.
«Қазір ұлттық спорт мектептері даму үстінде. Әліде көптеген жұмыстарды керек етеді және олар жасалады деп ойлаймын. Қазіргі кезде білікті жаттықтырушылар өте аз, жас спортшылардың өсуіне қолдау білдіріп сол жетістікке жеткен жастардың шәкірт тәрбиелеуіне жағдай жасалынса ұлттық спортымыз дамиды деп ойлаймын», – дейді спортшы.

Қала мен дала арасындағы алшақтық
Қалалық жерлерде ұлттық спорт, әсіресе ат спортына арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де маңызды мәселе. Қызығушылық бар, алайда мүмкіндік аз. Сондықтан да қала мен ауыл арасындағы мүмкіндіктер теңестірілуі қажет екенін айтады.
«Жалпы қызығушылық бар, бірақ жеткілікті деңгейде емес. Қазір көбіне заманауи спорт түрлеріне сұраныс үлкен. Қалалық жерлерде ат спортына мүмкіндіктер аз. Сондықтан, Алматы қаласында атбегілікпен айналысып, шеберлігімді шыңдап жүрмін», – дейді ол.
Нұргүл Ерғалиқызы
BM.KZ
Шымкент
