Павлодар облысы әкімдігі «Еңбек» бағдарламасы аясында 45 үй сатып алғанын мәлімдеді. Азаттық қанша үй сатып алынды деген сұрақты Қостанай облысы әкімдігіне де қойды. Әкімдік Қостанайға көшетін адамдарға үй сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегенін айтты.
Келісімге сәйкес, қоныс аударған адам үкімет берген үйді жалға алып, ай сайын аренда ақысын төлеп отырады. Бес жылдан кейін үй құнының қалған бөлігін (арендаға төлеген ақша ескеріледі) төлеп, меншіктеп алуына болады. Ал егер көшіп барған өңірден бес жыл өтпей кетуді ұйғарса, үкіметтен бөлінген жәрдемақыны толық көлемде қайтаруға міндетті.
Министрлік ресми жауабында қоныс аударушыларға арнап салынған үйлерді түгендеумен жұмыс топтары айналысып жатқанын хабарлады. Бірақ үйдің сапасын бақылаумен және кейін сатып алумен облыс әкімдіктері айналысқанын айтып, солардан сұраңыздар деп кеңес берді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «үйлерді сатып алу техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алу аясында жүргізілгенін, сатып алынған кезде үйлер сатып алу процедурасының тиісті талаптарына сәйкес келгенін» мәлімдеді. Бірақ үйлерді үкіметке сатқан мердігер компаниялар туралы сұраққа жауап берген жоқ. Үйге қандай талаптар қойылатынын да нақты көрсетіп жазбады.
20 ақпанда парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев солтүстікке көшіру бағдарламасы нәтиже бермеді деп мәлімдеді. Ол мұны демографиялық өсу тақырыбына арналған үкімет сағатында айтты.
Үкімет ынталандыру арқылы солтүстікке қоныс аударушылар санын арттыруға тырысқанымен, Қазақстанда кейінгі жылдары көші-қонның теріс сальдосы байқалады. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының 1 ақпанда жариялаған дерегінде Солтүстік Қазақстан облысында теріс көші-қон сальдосы – 528 адам болғаны айтылады. Өңірде дүниеге келген бала саны қайтыс болған адам санынан аз болған.
2022 жылдың сәуірінде осы облыста мемлекет қаржысына сатып алынған әрбір үшінші үй, яғни 1206 үйдің 485-і сапасыз екені белгілі болды.
Облыс әкімдігі Азаттыққа «құрылыс жұмыстарының жекелеген түрлерінің сапасыз орындалуы тек пайдалану кезеңінде анықталғанын» мәлімдеді. Әкімдік өкілінің жазуынша, шағым көбіне үйдің ішкі жұмыстарына қатысты түскен.
«Жалпы, барлық үйлерде құрылымдық элементтерді көтеру қабілетіне тексеру кезінде ескертулер анықталған жоқ. Ақауы бар үйлерді жөндеуге бюджет қаражаты аудан әкімдіктеріне бөлінді», – деп жазды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Облыста салынған үйлерді қайта жөндеуге бюджеттен қанша қаражат қарастырылды?» деп сұраған Азаттыққа жергілікті билік жауап бермеді.
ПАВЛОДАРҒА КӨШКЕНДЕР
Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірге 2017-2023 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 452 отбасы (2337 адам) көшіп барған. Оның ішінде 332 отбасы (1584 адам) ішкі миграция есебінен болса, 120 отбасы (753 адам) – шетелден келген қандастар.
Ауғанстанда туып, Түркістан облысында өскен Сабриддин Фастауддинұлы – үкімет бағдарламасымен Павлодар облысына көшкендердің бірі. 2021 жылы отбасымен Павлодар облысы Жаңақала ауылындағы үкімет иелігіндегі үйге қоныстанған.
«Жаңбыр жауып, суық басталғаннан үйдің солтүстік жағы көгеріп кетті. Содан кейін тоқ желісінде ақау шықты. Электр желісі нашар болды», – дейді ол.
Сабриддин өрт қаупі болғандықтан отбасын алып көшіп кеткен. Қазір Павлодар қаласынан солтүстікке қарай 30 шақырым жердегі Үміт апа ауылында тұрып жатқан ол өзіне бизнес серіктестер тауып, мал шаруашылығы мен егіншілікке қажет мотоцикл сатумен айналысып жүргенін айтты.
Павлодар облысының оңтүстігіндегі Көктөбе ауылына көшкен тағы бір азамат үкімет берген үй сапасыз болды деп шағым айтады. Солтүстікке Алматы облысынан қоныс аударған Дәнебек Скендірдің сөзінше, қыста үйдің төбесі көгеріп, су ағады.
– Былтыр мына [төбеден] су ағып тұрғанда, тілшіні, осы ауданның депутатын және аудан әкімінің орынбасарын шақырдым. Содан кейін төбеден су ағатынын түртіп тұрып көрсеттім. Биыл тағы сондай болады десем, «ата, біз облысқа жолдағанбыз, әзірге ештеңе демеді» деп жауап берді, – дейді ол.
Дәнебектің ұлы Нұрқуат өздері көшіп келгенге дейін басқа отбасы тұрып кеткен сапасыз үйге, әкімдікке қол жаймай, өз қаражатына аз-мұз жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтады.
– Әкімдік астыға төсеңдер деп жылтыр қағаз әкеліп берді, қызметкерлерін жіберіп, төбемізге [жылы болу үшін] күл төккізді, – дейді Нұрқуат. – Бірақ бәрібір үйді толық қайта жөндеу қажет.
Май ауданы әкімдігі үкімет бағдарламасы аясында сатып алынған үйлерді қайта жөндеуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылмаған деп мәлімдеді.
Жергілікті әкімдік 2021 жылы Дәнебек Скендірдің үйін салған кәсіпкердің үстінен сотқа арыз түсірген. Аудандық сот кәсіпкерге мойнына алған міндетін ерікті түрде орындауына мүмкіндік берген. Бірақ үйге әлі күнге ешқандай жөндеу жүргізілмеген.
ӘКІМДІК: ЖАУАПТЫ ШЕНЕУНІКТЕР ЖАЗАЛАНДЫ
Азаттықтың сауалына берген жауабында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі сапасыз үйлерді қабылдап алуға қатысты бір облыс әкімінің орынбасарына, алты аудан әкіміне және тағы 19 шенеунікке тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеді. Одан бөлек, сапасыз үйлер мәселесіне байланысты Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері мен жеті аудандық құрылыс басқармасы басшысы қызметтен босатылған.
Аймақ әкімдігі Азаттықтың «ішкі тергеу кезінде сыбайлас жемқорлық әрекеттері анықталды ма?» деген сауалына жауап бермеді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қоғамдық кеңесінің жетекшісі Асылбек Баяжұма үйлерді сапасыз күйде қабылдап алған шенеуніктерді тергеуге прокуратура да араласып, қажет болғанда жауапқа тартуы керек деп есептейді.
– Тәртіптік жаза деген алты айдың ішінде жоқ болатын дүние. Яғни шенеунікке сөгіс ғана жарияланады. Оның алты айға дейін тартатын жазасы – артық сыйақы ғана ала алмайды… Бұл – үлкен жауапкершілікті бүркемелеу деп есептеймін. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі адал, әділ болса, тікелей прокуратураның араласуымен әрқайсының үстінен іс қозғап, кінәлілерді анықтап, заңды бағасын беруі керек еді, – дейді Баяжұма.
«КӨШТІ ЫНТАЛАНДЫРУҒА ЖЕРДІ ҚАЙДАН БЕРМЕК?»
Парламент мәжілісі көші-қон туралы заңға солтүстікке көшті ынталандыру мақсатында қоныс аударушыларға шаруа не фермер қожалығын жүргізуге конкурстан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге пайдалануға жер беру жөнінде өзгерістер енгізді. 14 ақпанда мәжіліс заң жобасын сенатқа жолдады.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қоғамдық кеңесінің жетекшісі Асылбек Баяжұма жаңа бастаманы іс жүзіне асыру қиынға соғады деген пікірде.
– Оңтүстіктен келген қазақты тұрақтандыру үшін егін не мал шаруашылығымен айналысуға жер беруді құптаймын. Онысы дұрыс. Бірақ оларға беретін жер бар ма деген сұрақ туады. Ол жақта ауыл ғана емес, тіпті бүкіл Қазақстанның проблемасы – мыңдаған гектар жерді латифундистер, олигархтар дейміз ғой, солар иемденіп алған. Шаруа қожалықтарының өз жері бар. «Біз сіздерге жер береміз. Бес жылға дейін тұрып, егін салып күн көріңдер» десеңіз, олар міндетті түрде келеді. Ал бірақ сондай беретін жер бар ма? – дейді Баяжұма.
«ЖАБЫҚ САЯСИ ЖҮЙЕДЕ ЖИІ БОЛАТЫН МӘСЕЛЕ»
Қазақстанда шеттен келген қандастарға берілген үйлер сапасыз болып шыққан шулы мәселе «Еңбек» бағдарламасына дейін де болған.
2009 жылы Шығыс Қазақстан облысында атамекенге шетелден қоныс аударған қандастарға арнап ауыл салуды бастаған.
Шығыс деп аталған ауылға көшіп барған қандастар үкімет берген сол үйлердің сапасыз екеніне шағым айтып келе жатқанына 10 жылдан асты. Бірақ жергілікті әкімдік үй жөндеуге қосымша қаражат қарастырылмағанын алға тартып, тұрғындарға баспананы өз күшімен жөндеуді ұсынған.
Өскемен қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, Шығыс ауылында қандастарға салынған 463 үйдің 297-сінің қаңқасы СИП-панель деп аталатын жеңіл құрылыс материалынан жасалған. Тұрғындар үйдің асты-үстінен жел үрлеп, қаңқасы шіри бастағанын айтып шағынады. Ауылда 87 адам үйін жекешелендірген. Жекешелендіріп үлгермеген жүздеген адам 2012 жылдан бері аренда ақшасының үстіне өсімпұл жиналып қалғанын жақында білгенін айтып шағынған. Азаттық бұл туралы жазған.
PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев 2010-жылдардың басында Шығыс ауылына барып, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, жағдаймен танысқанын айтады. Ол ауылда салынған үйлер қысы қатты Өскеменнің ауа райына сәйкес келмейтінін байқаған.
– Үйлердің қабырғасы өте жұқа болған. Су мен кәріз жүйесі дұрыс жасалмаған. Бұл жерде тағы да сұрақ туындайды: жоспарлау дұрыс болмады ма? Құрылыс компаниясына талаптарды кім қойды? Оны кейін кім тексерді? Осындай жағдайлар кейін де әр жерде әртүрлі сипатта қайталанып жатыр. [Қазақстандағыдай] жабық саяси жүйеде бұл өте жиі кездесетін мәселе, – дейді ол.
Бейсембаев әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда ашықтық жоқтығы мәселенің ушығып кетуіне жиі себеп болады дейді.
– [Республикалық бюджеттен] миллиардтаған қаржы бөлінетін «Еңбек» секілді ауқымды бағдарламалардың кейін қорытындысы не бағасы ашық түрде жарияланбайды. Сондықтан [бағдарлама] қаншалықты өз мақсатына жеткеніне немесе кеткен шығын қаншалықты тиімді жұмсалғанына, аудиттің нәтижелеріне біз қоғам ретінде бақылау жасай алмаймыз. Мемлекеттік органдар өздері жүзеге асырады. Өзін өзі тексереді. Сосын өзіне өзі есеп беріп, жылы жауып қоя салады, – дейді сарапшы.
Әлеуметтанушы үкімет салғырттығына аймақтағы азаматтық қоғамның әлсіздігі де жол беріп отырғанын айтады. Оның пікірінше, егер өңірде жергілікті биліктің жұмысына баға беретін қоғамдық ұйымдар болса, әлеуметтік жобалар тиімдірек жүзеге асқан болар еді.