Астана. 19 тамыз. BM.KZ — Қазақстанда соңғы 5 жыл ішінде некеге мәжбүрлеуге қатысты 257 қылмыстық іс тіркелген. Олардың басым бөлігі – шамамен 95%-ы тергеу барысында тоқтатылған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Осыған байланысты мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қол қойған заң аясында Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап енгізілген. Енді қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе басқа да қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу қылмыс болып саналады.
Жаңа нормаға сәйкес, мұндай әрекет үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер ауыр зардаптар туындаса, жаза мерзімі 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, мәжбүрлі некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау енді Қылмыстық кодекстің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланады.
Бұл шаралар азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға және қоғамда жеке бостандыққа қол сұғушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға бағытталған.
