Су ресурстары және ирригация министрлігі Астана су қоймасына
қосымша су жіберу үшін құрылыс нысанының жобалау-сметалық
құжаттамасын әзірлеп жатыр. Мұнда Есіл өзенінің арнасы арқылы Қ.Сәтбаев
атындағы каналдан жіберілген су келеді.
Жоба аясында Есіл өзені арнасының түбін тазарту және тереңдету,
сондай-ақ «Астана Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының сорғы
станциясына дейін тірек құрылысы мен құбыр желісін салу қарастырылған.
Бұдан бөлек, министрлік Астана су қоймасын тұнбадан тазартуға
ниетті. Жұмыс қорытындысы бойынша су қоймасының көлемін 410,9 млн
текше метрге (немесе 410,9 млн тоннаға) дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Астана тұрғындарының көбеюіне байланысты елорданы сумен
жабдықтау қажеттілігі де артып отыр. Қазақстанның су заңнамасы
бірнеше қағидатқа негізделеді. Оның ішінде халықты сапалы ауыз сумен
қажет мөлшерде қамтамасыз ету басты орында. Бұл Су кодексінің
жаңа редакциясында да бекітілген. 2025 жылдың соңына қарай біз
қазақстандықтарды толықтай орталықтандырылған ауыз сумен
қамтамасыз етуге ниеттіміз»,— деді ҚР Су ресурстары және ирригация
министрі Нұржан Нұржігітов.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызметі