«Мәселе үсті-үстіне үйіле берді. Айтсақ билікке жақпаймыз». Өскемен қаласының құрамындағы Шығыс, ел арасында Нұрлыкөш деп аталатын ауылдың халқы он жылдан астам уақыттан бері мемлекет салған сапасыз үйде тұрып жатқанына шағым айтып келеді. Олар аязды күні үйінің қуыс-қуысын киізбен бітеуге мәжбүрміз дейді. Ол үйлердің көбі әлі мемлекет иелігінде. Ал жергілікті депутаттар «ол үйлерді тұрып жатқан адамдар өзі жөндеп алуы керек» деп отыр.
Өскеменнің іргесінде 2012 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында ашылған ауылға негізінен Қытай мен Моңғолиядан келген қазақтар қоныстанған. Қазір онда 700-дей үй бар. Соның ішінде алғашқы кезеңде салынған 297 үйдің қаңқасы СИП-панель деп аталатын жеңіл құрылыс материалынан жасалған. Ондай үйдің іргетасы жоқ. Үйлер тегіс құйылған цементтің бетінде құрастырылған конструкция тәрізді.
«ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛҒАНДАРҒА ДА УӘДЕ БЕРІП, ҚОНЫСТАНДЫРДЫ»
70 жастағы Миланбек Қапанұлы Шығыс ауылындағы өзі тұрып жатқан үй қоныстанған күннен бері әлі суық екенін айтады. Зейнеткер қала әкімдігінен үйін жөндеп беруді сұрайды.
– Іргесі мен қабырғасының қоспаларынан аязды күні суық кіргенде үйде отыра алмаймыз. Бітеуге келмейді екен, ішінен киізбен қымтап ұстап отырмыз. Іші-сыртын өз күшіммен жөндеп жатырмын, бірақ жылымайды, – деді Миланбек Қапанұлы.
Ал үш бала бағып отырған жалғызбасты әйел әрі үшіншті топтағы мүгедектігі бар Гүлжан Сағи тұратын үйдің ағаштары дым тартып, шіріген. Едені ойылған. Ойықтарға линолеум астынан балаларының ескі дәптерлерін салып, тегістеңкіреп қойыпты.
– Шұп-шұңқыр, жүруге келмейді. Дәптерлерді нығап-нығап, толтырып қойып отырмын. Өзімше тегістеген түрім, енді қайтем? Өстіп отырған үйге қалай ақша төлеймін? Төбесінен су сорғалайды. Далада боран соқса, еденнің астынан жел уілдеп, үйдегі линолеум желпілдеп тұрады. Осы жолғы бір апта аязда іргенің бәрін қырау басып кетті. Міне, төбедегі пенопласт салақтап тұр. Күзде тамшы ақты. Соның кесірінен шамдар қайта-қайта күйіп кетеді. Су тигеннен кейін өрт шықса кім жауап береді? – деді Гүлжан Сағи.
Жүздеген ауылдасы тәрізді ол да әлі күнге баспанасын жекешелендірмеген. Ал үйдің арендасын төлеуге шамасы келе бермейді.
– 2012 жылдан бергі қарызды 2020 жылы бір рет төледім. Одан кейін төлей алғам жоқ. Өзім үш жыл бойы ауырдым. Кішкентай қызым бар, ол да жарымжан. Бүйрегі ауырады, басқа да дерттері бар. Сол себепті қалған аренда ақшасын төлей алғам жоқ, – деді Гүлжан Сағи.
Өскемен қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, Шығыс ауылында қандастарға 463 салынған. 87 адам үйлерін жекешелендірген.
Ауылдағылардың кейбіреуі үйінің сыртын қаптап алған. Аязды күндері ол да сеп болмаған. Қыс мезгілінде тонналап от жағып, электр жылытқыш қосуға мәжбүр екенін, алайда одан да қайран жоғын айтады.
– Үйді кірпішпен қаптағанымызды қайтейік, қыстай от та жағамыз, тоқ та қосамыз. Өйткені, жылымайды, суық. Төбесі жұқа ғой, жылуды сорып кетеді. 10 тонна көмір түсіреміз, бәрібір тоқ қосамыз. Тоқтың осы айдағы ақшасын көрсетейін бе, сұмдық! Міне, осы айда 34 мың теңге шықты, – деді Шығыс ауылының тұрғыны Жанаргүл Әумет.
– Электр жылытқыш қосқаннан осынша ақша шықты ма? – деп сұрадым.
– Иә, басқаша күн көре алмасақ не істейміз? – деп қатулы жауап берді ол.
Ауыл құрылғалы бері сонда тұрып келе жатқан Еркінбек Ахметбек 2014 жылы үйі өртеніп кеткенін айтады. «Қағаз» үйіміздің 20 минуттың ішінде күлі ғана қалды» деген ол баспанасының орнына жаңа үй тұрғызған. Құрылыс материалдарына деп 3,5 миллион теңге несие алған. Өртке тоқ тұтынған кездегі ақау себеп болды деген билік жаңа құрылысқа көмектесуге уәде еткен. Бірақ Еркінбек Ахметбек әлі күнге әкімдіктен ақша ала алмағанын, үйді жалға алу ақысын да төлеп отырмын деп шағынды.
– Өкімет «сен құрылысты баста, көмектесеміз» деген. Көмектескен жоқ. Өзім салдым. Панасыз отыратын емес. Уақытша берген үйінен шық деді. Үй салуға жұмсаған ақшаны өндіріп алайын деп басшыларға неше рет бардым. Жоқ, жауап бермеді. Кейбіреуі әуелі қызыл кірпіштен салып алдың деп өзімді мазақ қылады. «Әйбаттап салып алдыңыз ғой, төлеп отыра бермейсіз бе» дейді, – деп қапалана сөйледі Еркінбек Ахметбек.
Әу баста шетел мен Шығыс Қазақстан облысының ауылдарынан осында келіп қоныстанған адамдарға жұмыс тауып, орнығу оңай болмаған. Суық үйлер әуелде тоқпен ғана жылытылғандықтан электр қуатының төлемі еселеп көбейген. Кейін билік от жағатын пеш салуға рұқсат берді, бірақ суық үйді бәрібір де қосымша электр қуатымен жылытуға тура келеді. Үй ауласындағы септикті айына екі рет 20-30 мың теңге төлеп тазартады. Сонымен бірге үйді жөндеуге де қаражат жұмсайды. Қыста қала ішіндегі пәтерді паналап, Шығыс ауылына жазда ғана тұруға келетін отбасылар да бар.
Осы ауылда тұратын журналист Мұратхан Кенжеханұлы жергілікті халық келе сала проблемаға тап болып, шығынға батқанын айтады.
– 2012 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған алғашқы 297 үйді 25 наурызда сол кездегі елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп ашты. Негізі бұл шетелден келген ағайындарға [тұрғызылған] болатын. Бірақ президент келеді дегеннен кейін сол кезде облысты басқарып тұрған Бердібек Мәшбекұлы мен қала басшысы Ислам Әбіш қатарлы азаматтар Шығыс Қазақстанның әр ауданын аралап, Қазақстан азаматтығын алған адамдарды да іздеді. Оларды әртүрлі уәде беріп, осында көшіріп әкелген. Содан кейін бұл ауылдың халқына жұмыс тауып береміз деген, бірақ уәде орындалмағаннан кейін реніш туып тұрды. Оның үстіне 2013 жылы 297 үйді салған құрылысшылардың электр шығынын әр үйге бөліп тастап, ауыл халқы «Шығысэнерготрейд» мекемесіне 88 миллион теңге қарыз болды. Бердібек Сапарбаев апта сайын келіп жиналыс өткізетін. Өз аузынан берген уәдесі бар еді. «Егер жөндеп алсаңдар, төрт-бес жылдан кейін өз үйлерің болады, сондай заң бар. Шулап-шұрқырамай осы көмегімізге риза болыңдар» деген. Халықтың көбі соған алданған. Аренда ақшасын да салмаған. Аренда ақшасына үйімізді жөндетіп алайық деген еді, – деді Мұратхан Кенжеханұлы.
Біз ауылға келгеннен бері тұрақты жұмыс таба алмаған адамның бірі Қабдыраш Ордашыұлымен сөйлестік.
– 2012 жылдан 2016 жылға дейін бізге коммуналдық меншіктегі үйге отпен жылыту жүйесін («паровой») орнатпайсыңдар, үйді теспейсіңдер деген. Сол жылдары жарықтың ақшасы 35, 40, 50 мың теңгеге дейін шығып кетті. Бұл оңай нәрсе ме? Халық жанын баға алмай отыр. Ал жұмыс жоқ. Зейнетақым 80 мың теңге, ол неге жетеді? Несием көп. Үш ай бір жерге күзетке тұрып едім, орыс тілін білмейсің деді. Қазақстанда тұрып неге мүсәпір халге түстік? Орысша білмесең, жұмысқа алмаймыз деп шығады. Жақсы жұмыс істейсің деп тұрып, шығарып жіберді. Сонда қалай жан бағамыз? Оны қалай төлейміз? Кім төлейді? – деді Шығыс ауылының тұрғыны Қабдыраш Ордашыұлы.
«ЕШКІМ ҮЙДІ ЖӨНДЕП БЕРМЕЙДІ«
Жуықта үйін жекешелендіріп үлгермеген жүздеген адам 2012 жылдан бері аренда ақшасының үстіне өсімпұл жиналып қалғанын білген. Бір үйдің жалға алу ақшасына шамамен 500 мың теңге өсімпұл қосылған. Әкімдік мұны аренда ақшасын уақытылы төлемегендерге күн сайын 0,1 пайыз есептелген өсімпұл деп түсіндіреді. Бірақ аренда ақшасын ай сайын уақытылы төлеп отырдық, сонда да бізге өсімпұл есептеліп кеткен деп айтып отырғандар да бар. Осы мәселеге байланысты 21 ақпанда ауылға әкімдік өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары келіп жиналыс ашқан.
– Ай сайын өсімпұл қосылған. Заңда солай жазылған. Тұрғын үй құрылысы бөлімінің өкілдері де ештеңе істей алмайды, заңнан асып ешқайда кете алмайды, – деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Амантай Бақыт.
Тұрғындар әкімдік өкілдерінен он жылдан астам уақытта өсімпұл жүріп жатқанын неге ескертпедіңдер деп сұрады. Халықтың айтуынша, келісімшартта жыл сайын 31 қаңтарға дейін екі тарап жиылып, төлемдерді салыстырып, тексеріп отыруға міндетті екені жазылған.
– Бізге жылма-жыл айтып тұруы керек қой. Неге айтпайды бізге? Болмаса, көбейтпей төлейміз ғой. 400-500 мың теңге болса, оны төлей алмаймын. Дәл менің шамам жоқ төлеуге, – деді мектептің залында өтіп жатқан жиналысқа қатысып отырған әлдекім дауыстап.
Әкімдік өкілі ескерту міндетті емес, келісімшартта өсімпұл жөнінде жазылған дегенді алға тартты.
– Ескертуді біз біреуді үйден шығаратын болсақ қана береміз. Сіздерді ешкім үйден шығарып тастағалы жатқан жоқ. Сондықтан ескерту қағаздары берілген жоқ, – деді Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Назгүл Жақыпбекова.
Ауыл халқымен кездескен әкімдік өкілі де, қалалық мәслихат депутаттары да өсімпұл мәселесін шешудің бір жолы – сотқа шағымдану дегенді айтты.
– Бұл біз қолдан жасап отырған нәрсе емес. Азаматтық кодекске сай, әр адам өз құқығын қорғауға міндетті, сондықтан сотқа шағымдана алады. Егер де адамдар 2012 жылдан бері неге төлемегенін сотқа дәлелдей алатын болса, сот өсімпұлды жоюға немесе қандай да бір жеңілдік жасау жөнінде шешім қабылдаса, міндетімізді орындауға дайынбыз, – деді Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Назгүл Жақыпбекова.
– Үйді күтіп ұстау керек. Енді ешкім үй салып бермейді. Оны жөндеп те бермейді. «Әкесі өлгенді де естіртеді», өзіміз жөндеп алайық. Жөндемесек, үйін тапсырып кетіп қалайық. Бізге ешкім жабысып, мына жер құлап қалады деп отырған жоқ. Талай адам баспана таппай жүр, ертең әкеледі де, кіргізеді, – деді Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай.
Шығыс ауылындағы тұрғын үйді жекешелендіру үшін қазір онда тұрып жатқан адам алдымен үйдің негізгі құнын төлеу керек. Ауылдағы үйлер 500 мың – 1,5 млн теңге аралығында бағаланған. «Үйді өз ақшамызға жөндедік», «бұрынғы әкімдердің уәдесіне сендік» немесе «шамамыз келмеді» деген себептерді алға тартып ай сайын төлем жасамағандарға 700 мың теңгедей аренда ақшасы жиналған және мұның үстіне орта есеппен 500 мың теңге мөлшерінде өсімпұл қосылған.
– Өсімпұлны төлемейміз, төлей алатын ақшамыз жоқ. Мұны тоқтатпаса, күндегісі күнде өседі. Өсімпұлды арттыра береді.
– Арендасын алатын болса, дұрыстап жөндеп беруі керек, – деді ауыл тұрғындары.
«Үйдің аренда ақшасын уақытылы төлеп отырсам да, өсімпұл есептеліп кетті» деп шағым айтқандардың бірі – Жанаргүл Әумет:
– Алдын ала төлеп отырмын. Бірақ 538 мың теңге артық ақша есептеп қойған. 2014-тен бастап төлеген ақшам, міне, 533 мың 300 теңге болыпты. Құзырлы органдарға барып, тексеру керек болып тұр. Денсаулығыма байланысты үйден шыға алмаймын, маған екінші топ мүгедектігін берген. Білмеймін, не істеймін…– деп шағынды.
Қала әкімдігінің өкілі Назгүл Жақыпбекова әр адамның қарызы қанша, оларға өсімпұл негізсіз есептелді ме, жоқ па – қолында ондай ақпарат жоғын айтады. Ол әрбір адамның мәселесін жеке келгенде қарау керек дейді.
«АЯҚТАЛМАҒАН ЖОБА«
Тұрғындар Шығыс ауылын «аяқталмаған жоба» деп атайды. Олардың сөзінше, ауылда мектеп пен балабақша бар, ал мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория салынбаған. Ауыл ішіндегі жолдардың бойына арық та қазылмағандықтан, көктем мен күзде жолды су басып, айнала батпаққа айналады дейді жергілікті жұрт.
Халық бәрінен бұрын үйдің мәселесін қалай шешетінін білмейді. «Шығыс Қазақстанның қысына шыдас бермейтін» үйлері 2012 жылы 5 млн теңгеге жуық ақшаға бағаланған. Бұл – сол кезде қомақты қаржы еді. Халық үйлердің сапасы ондағы ақшаға татымайды деп наразы болған соң, әкімдік үйдің бағасын қайта есептегенде бес еседен көп арзан шыққан. Енді өсімпұлсы көбейіп барады.
Журналист Мұратхан Кенжеханұлы жобаның басындағы облыс жетекшілері ауысып кеткеннен кейін, олардың берген сөзі де ұмыт болды деп қынжылады.
– «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қынжылдым» дейді ғой. Кейінгі он жылдың бедерінде жоғары лауазымды адамдар жанашырлық танытпады. Бастапқыда үйіп-төгіп уәде беріп, осында әкеліп қоныстандырса да, мәселелерді уақытында шеше алмады. Проблема бірінің үстіне бірі жамалып жатыр. Ондайға халық бірден наразы болды, шулады. Ауылдың кетеуі кете бастады. Шулағандары билікке жақпады. 2014 жылы Бердібек Сапарбаевтың өзі қызметінен кетті. Содан кейін «Нұрлы көш» деген бағдарлама аяқсыз қалды, – деді Мұратхан Кенжеханұлы.
«Нұрлы көш» – шетелден көшіп келетін қандастарды үй-жай, жұмыспен қамту үшін үкімет 2008 жылы іске қосқан арнайы бағдарлама. Бұл бағдарлама аясында Қазақстанның бірнеше облысында қандастарға арнап салынған үйлер бар. Бірақ Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында да ондай үйлер суық екенін айтып шағымданған адам көп. Ол өңірлерге оңтүстік облыстардан барып қоныстанғандардың кейбірі қайтадан кері көшіп кетуге мәжбүр болған.
Тасқын Болатұлы