Семейде көшені жарықтандыру мәселесі төңірегінде тағы да дау шықты. Жергілікті қоғам белсенділері «орнатылған шамның көбі адам өміріне қауіпті» десе, әкімдіктегілер «ақаудың бәрін түзеттік, қорқатын дәнеңе жоқ» деп отыр.
Бағаналар бірер ай бұрын ғана пайдалануға берілгеніне қарамастан, бетоннан құйылған іргетасы үгіле бастапты. Жергілікті тұрғындар «іргетасын желтоқсанда құйғандықтан дұрыс қатпаған» деп отыр. Оның үстіне кей жерлерін тат басқан, кейбір бағаналардың қалқаны жоқ, сымы сыртқа шығып жатыр.
Бейбітшілік аралына жаңа бағаналары мен шамдар «Көше шамдарын кезекті жөндеу жұмысы» деп аталатын тендер аясында орнатылған. Бұл қызмет құны жалпы сомасы 742,8 млн теңгеге шыққан. Қосымша құн салығын қосқанда, 800 млн теңге.