Президенттің сөзінше, арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтаған. Егін шаруашылығы саласында да осындай жалған ақпарат тарату бар екені белгілі болып отыр, деп хабарлайды Баймедиа.кз.
Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы 2 мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтаған.
Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн, – деді Президент.