Астана. 31 қаңтар. BM.KZ — Президент Дональд Трамп АҚШ-тың Ішкі кірістер қызметіне (IRS) және Қаржы министрлігіне қарсы 10 млрд доллар көлемінде өтемақы талап етіп, сотқа жүгінді. Бұл туралы NBC News жазды.
Трамптың ойынша, бұл мекемелер оның, сондай-ақ, ұлдары мен компаниясының салық декларацияларын заңсыз жариялауына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдамаған. Ал ол мәліметтерді бұрынғы IRS қызметкері жариялаған еді. Нәтижесінде бұл мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарына тарап кеткен.
Талап-арыз бейсенбі күні Майами қаласындағы федералды сотқа берілген. Құжатта Трамптың сотқа президент ретінде емес, жеке тұлға ретінде жүгініп отырғаны көрсетілген. Өзге талапкерлер қатарында оның екі ұлы – Дональд Трамп кіші және Эрик Трамп, сондай-ақ, Trump Organization компаниясы бар.
«Жауапкерлер талапкерлерге беделдік және қаржылық зиян келтіріп, қоғамдық қорлауға ұшыратты, олардың іскерлік беделін әділетсіз түрде түсірді, жалған қырынан көрсетті және президент Трамп пен өзге талапкерлердің қоғамдағы орнына кері әсер етті», – делінген талап-арызда.
АҚШ Қаржы министрлігі мен IRS журналистердің бейсенбі кешіндегі сұрауларына жедел түрде пікір білдірмеген.
Айта кетейік, IRS-тің бұрынғы мердігері Чарльз Литтлджон 2024 жылы 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Оның алдында бір жыл бұрын Дональд Трамптың салық деректерін The New York Times газетіне заңсыз таратқанын мойындаған еді. 2020 жылы басылым эксклюзивті зерттеу жариялап, онда Трамптың 2016 және 2017 жылдары федералдық табыс салығы ретінде бар болғаны 750 доллар ғана төлегені көрсетілген.
